Қоғамның назарын аударған Талғар қаласында жергілікті халықтың дауыс беруімен жаңа әкім сайланды. Арыстанбек Әбілқайырұлы шағын шаһардың әкімі болып қызметке кірісті. BAQ.KZ тілшісі су жаңа әкіммен сұқбат құрып, шағын әңгіме өрбітіп қайтты.
Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і дауыс берген. "Аманат" партиясы атынан ұсынылған Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті. Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады.
Арыстанбек Әбілқайырұлы 1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша эколог. Еңбек жолын 2005 жылы құрылыс компаниясынан бастаған, кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.
2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы "Марат" өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері "Талғар тұрғын үй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарды.
- Арыстанбек Әбілқайырұлы жаңа қызметіңіз құтты болсын! Талғар қаласы әкімінің сайлау процесі тек бір ауданды емес, тұтас республика тұрғындарын алаңдатқаны рас. Оның себебін де біліп отырсыз. Жаңа қызметіңізде жұмысты неден бастағалы отырсыз?
- Мен Талғар қаласында қызмет атқарып келе жатқаныма біраз жыл болды. Қаланың тұрмыс-тіршілігімен таныспын. Жаңа қызметті үлкендердің батасымен бастадым. Қаламыздың белсенді үлкен-кіші буынының басын қосып, қалада орналасқан қызметтердің басшыларымен танысып, жаңа жобаларды қолға алғалы отырмыз. Талғар қаласын дамыту мақсатында экономикалық тұрғыда қамтамасыз етіп, әлеуметтік саланы дамытып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және жол инфрақұрлымын өркендетуді мақсат етіп отырмын. Сондай-ақ "Қауіпсіз қала" тұжырымдамасын іске асыруды қолға алмақпыз.
.jpeg)
- Талғар тұрғындарының көпшілігі Алматыға қатынап жұмыс істейді. Себебі қаланың өзінен жұмыс табу қиын. Бұл мәселе қалай шешілмек?
- Қазіргі уақытта Талғар қаласында адам саны 100 мыңнан асты. Тұрғындардың көпшілігі таңғы сағат 5-тен бастап Алматыға жұмысқа баруға дайындалады. Халықтың басым көпшілігі табыс көзін мегаполистен тауып отырғаны жасырын емес. Осы мәселені шешіп, өзімізде жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмын. Ол үшін алдымен сырттан инвесторларды тартып, жұмыс санын көбейтсек деген ой бар. Осылайша көші-қон азаяды деп үміттенеміз. Өздеріңізге белгілі, бізде бұрындары жұмыс істеп, қазір тоқтап қалған кәсіпорындар бар. Дегенмен оларды қайтадан қалпына келтіріп, жұмыс істету қиындау. Сол себептен жаңа өндіріс орындарын ашуға атсалысамын.

- Тұрғын үй мен құрылыс саласына жақын мамансыз. Өзіңіз айтқандай, Талғарда тұрғындар саны да көбейіп келеді. Баспанамен қамту, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту қалай болмақ?
- Талғар қаласында 5 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Кешегі күні аудан әкімінің қолдауымен 50 пәтердің кілті табысталды. Алдағы уақытта аудан әкімдігінің тапсырмасымен 45 пәтер берілмек. Оны өзіміздің жеке кәсіпкерлерден үкіметтің белгіленген бағасымен сатып алып жатырмыз. Әрмен қарай, үй мәселесін шешу мақсатында кезең-кезеңімен кешенді жұмыс атқарылмақ. Берілетін пәтерлердің санын екі есеге арттырып, үй кезегінде тұрған халықтың санын азайтамыз. Жастар мен көп балалы, жалғыз басты аналардың қолжетімді бағада үй алуын қамтасыз ету жоспарда бар. Құрылыс компаниялары бастаған жобаларды аяғына дейін жеткізбекпіз. Біздегі "Жаңа құрылыс" ықшам ауданында тұрғын үйлерді салу жоспарланған. Жоғарғы аймақта жобаланған жобалар бар. Олар енді біраз ақшаны қажет еткендіктен тоқтап қалды. Дегенмен аталған құрлыс 2025 жылы жанданып, жұмыстарын қайтадан бастаса, тұрғын үй мәселесі шешілетін еді. Инфрақұрылымға кіретін мәселелер өте көп. Қаланың келбеті, жолдар, тротуар сынды мәселелер бар. Болашақта қаламыз тұрғындардың жүріп тұруына қолайлы, жайлы қалалардың біріне айналуына күш саламыз.
- Инфрақұрылым дегенде, сол көшелерге жарық шамдарын орнату. Тұрғындардың да бұған айтар шағымы көп. Бұған не дейсіз?
- Мен қалалық мәслихатта екі жылдай депутат болдым. 2023 жылы Талғар қаласының бас жоспарын бекіткен едік. Қаланың шекарасы кеңейген еді. "Кеңдала" округі, "Алатау" округі қосылды. Соның аясында қалада 420 көше болды. Оның 300-і жарықпен қамтылған. Ал қалған 120 көше жарықтандырылмаған. Қаланың қауіпсіздігі үшін келесі жылы көшелердің басым көпшілігін жарықтандыру жоспарда бар.

- Халықты алаңдататын тағы бір мәселе – ауыз су. Талғарға қарайтын ауылдарда су мәселесі әлі шешілмеген. Халық таза сумен қашан қамтамасыз етіледі?
- Менің алдымда қызмет еткен әкімдердің жобалап кеткен жұмыстарын ары қарай жалғастырамыз. Төрт сатымен Талғар қаласын толыққанды су жүйесі жаңарып, кезең-кезеңімен жасалады. Жұмысты ерте көктемде бастаймыз. Үлкен жоба болғандықтан 2 млрд теңге бөлінді, су мәселесі екі жылдың көлемінде шешімін таппақ. Біз келесі жылы ешқандай асфальт жол жасауды қарастырып отырған жоқпыз. Себебі құбырлардың барлығы дерлік ауысады, сол себептен жол жабасын қараймыз. Керек жерлерді жасап, қалған бөлікте құбырларды ауыстырамыз.

- Әкімдік ғимаратына келе жатқан жолда жаяу жүргіншілер жолағының жоқтығын байқадым, бар болғанның өзінде біраз қашықта орналасқан. Жол жиегін жағалап кетіп бара жатқан жаяу жүргіншілердің тіпті қарасы көп. Бұл мәселе қалай шешілмек?
- Қаламыздың келбеті, архитектуралық жобасын жастардың қатысуымен жиын өткізіп, өзгерту жұмыстарын енгізу жоспарда бар. Өздеріңіз білетіндей, жаңадан жұмысқа келіп жатсам да бұл мәселеден хабардармын. Жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына ыңғалы жобалар жүзеге асады деп айта аламын. Менің басты мақсатым – халыққа қолайлы жағдай жасау.
- Қазір қыс мезгілі. Тұрғындар қаладағы қардың уақытылы тазаланбауына наразы, бұған не дейсіз?
- Біз Алматы қаласының жанында орналасқандықтан, көбісі бізді мегаполиспен теңестіреді. Десе де біздің жұмыскерлер бар-күш жігерін салып, қаланы қардан тазалау үшін жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта коммуналдық қызметкерлердің екі ауысымда жұмыс істеп, 12 сағаттан еңбек етуін көздеп отырмыз. Себебі бұрындары тек бір ғана ауысыммен жұмыс істеген еді. Түнде жауған қарды күні бойы тазалап шығу ол кісілерге де оңай емес. Болашақта екі ауысымды жұмысты жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

- Айта берсе қордаланып қалған мәселе көп. Тұрғындар полиция қызметкерлерінің жұмысының салғырттығына, жедел-жәрдем қызметкерлері жедел әрекет етпейтініне жиі шағымданады......
- Мен келе салып барлығын реттеймін деп айтпаймын. Полиция басқармасы мен облыстық жедел-жәрдем қызметкерлерінің басшылығымен тығыз байланыста болмақпын. Халықтың көңілінен шығатындай, сенімін ақтай алатындай жұмыс атқарамын деген ойдамын. Басшылармен ақылдасып әкімдіктің тарапынан қандай көмек керектігін, халықтың талабы бойынша тығыз байланыста болмақпыз. Өздеріңізге белгілі соңғы жағдайлардан кейін халық сенімін алатындай жұмыс жасаймыз деген ойдамыз.

- Талғар қауіпсіз қалаға айналуы үшін бірінші кезекте жұмысты неден бастау керек?
- Ең бастысы тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына бейнебақылау камераларын орнатуды көздеп отырмыз. Одан кейін жарықтандыру, себебі адамдардың түнде қорықпай жүруін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда орталықта, шеткі аймақтарда 500-ден астам камера орнатыла бастады. Олар жылдың аяғында толық орнатылып, жұмыс істейтін болады. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш екі есе өспек. Талғар қаласының барлық көшелері мен үйлердің маңайларында камера орнату жұмыстарын жүргіземіз. Жаңа жұмысқа келгендіктен жаңа бастамаларды қолға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты мақсатым. Халық "Баяғы жартас, сол жартас" - екен деп айтпауы үшін ары қарай жұмыс істеп, елдің сенімін ақтап, халықтың батасын алатындай болу мақсатым. Талғарды гүлдендіріп, жасыл желегімен тамсандыратындай жұмыс істеу ойымда бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
.jpg)