Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында, «Бурабай» коттедж қалашығы аумағында тау баурайынан топырақ массасының жылжуы тіркелді. Бұл туралы Талғар ауданының әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аудан әкімдігі мәліметінше, оқиға 8 ақпанда сағат 10:23-те болған. Себебі – соңғы күндердегі қолайсыз ауа райы мен топырақтың шамадан тыс ылғалдануы.
Топырақ Баянауыл көшесіндегі №8 және №24а үйлердің аумағына түсіп, бетон тіреу қабырғасын еңсерген. №8 үйде 15×5 метрлік шатыр зақымданып, «Haval Jolion» жеңіл автокөлігі мен шаруашылық құрылысының қабырғалары бүлінген. Бұл жерде түскен топырақ көлемі шамамен 465 текше метрді құрады. №24а үйге 5 текше метр топырақ түскен, бірақ айтарлықтай зақым болмаған.
Зардап шеккендер жоқ. №8 үйде үш адам, ал №12 үйде бес адам тұрады.
Ескерту: аталмыш үйлер бұрын тау бөктерін өз бетімен кесу арқылы салынған. Қазіргі уақытта еңістің жоғарғы бөлігінде кәріз желілерін тарту жобасы әзірленіп, құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру және беткейді нығайту мәселесі бюджет комиссиясында қаралатын болады.
Қазіргі уақытта аумақты топырақтан тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алматы және оның маңы табиғи қауіп-қатері жоғары аймаққа жатады, мұнда жер сілкінісі, су тасқыны, сел, қар көшкіні және көшкін сияқты қауіптер болуы мүмкін.