Қала ішінде шағын аудандарда қоқыс жәшіктері тез толып, жаман иіс ауланы жиі шарлап кетуде. Осының алдын алу үшін 8 жаңа техника таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаздың басынан бастап тұрмыстық қатты қалдықтарды «Жаңа-Сана» ЖШС шығаратын болады. Аталған мекеме жыл соңынан дейін қосымша 3 техника алуға ниетті. Бұл игілікті іске 300 млн теңге инвестиция құйылған. Оны «Жаңа Сана» ЖШС EcoAla филиалының директоры Бауыржан Қасымхан айтты.
Биыл қала әкімдігімен 5 жылға келісім шартқа отырдық. Осы күні жұмысқа толық дайынбыз деп айта аламыз. Сонымен қатар 50-ге тарта қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырмақпыз. Бұл әрі жұмысты сапалы істеуімізге жәрдемдеседі. Қазір саланы толық меңгеріп алдық. Алдағы уақытта халықтың сұранысына сай қызмет көрсетеміз, – дейді Б.Қасымхан.
Қала ішінде халық саны жылдан жылға артып келеді. Тиісінше олардан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар да көбеймек. Сондықтан оны өңдеуге күш салған абзал. Қазір қала басшысы Ернат Бәзіл халықтың осы бағытта табиғатпен етене жұмыс істеуіне ыңғай тудырмақ.
Қоқыстан құтылу мүмкін емес, дегенмен осындағы жұртпен бірлесіп әсем қаламыздың көркін сақтап қалуымыз бәріміз үшін маңызды. Бұған дейін қала аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды бірнеше компани шығарып келген еді. Бұдан бұлай «Жаңа Сана» ЖШС-і қаланы толық қамтитын болады. Мекеменің тағы бір ерекшелігі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға және көпбалалы отбасыларға, оған қоса АӘК алатындарға да жеңілдік қарастырылған. Бұл талдықорғандықтар үшін де қуанышты хабар, – деді Е.Бәзіл.
Айта кетейік, былтырғы есеп бойынша облыс орталығында 853 көпқабатты және 24,5 мың тұрғын үй бар. Соның 14 мыңнан астамы заңды тұлғаға тиесілі.