Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Талдықорған жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхаммед Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескерткіш басында сөз алған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев кеше елордадан сүйінші хабар жеткенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді.
Осыған орай, біртуар тұлғаның құрметіне арналған еске алу шарасы өткізіліп отырғанын атап өтті.
Сол сияқты бүгін Талдықорған қаласында арнайы ғылыми – практикалық конференция өткізіледі.
Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеруі Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген қызметіне, қаланың негізін салушы ретіндегі ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз. Бұл – тарихи әділдік. Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды, - деді Қанат Бозымбаев.
Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Жыл басынан бері осы мерейлі датаға орай облыста атаулы іс-шаралар өтті.
Алдағы 8 мамырда Қонаев аталуына байланысты сол қалада зиялы қауымның қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылады.