Жетісу облыс орталығында салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысы мерзімінен кешігуі мүмкін. Кезекке тұрғандардың саны жылдан жылға артып барады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бірнеше құрылыс нысанын аралап, жауапты мамандар саланып жатқан жаңа үйлердің абаттандыру жұмыстарына аса мән беру керектігін ескертті. Құрылысшылардан іске салғырт қарамауын сұрады.
Қала ішінде салынып жатқан әрбір нысанның маңызы зор. Мәселен жаңадан салынған волейбол орталығы аумағына 50 түп шырша ағашының көшеттері егілді. Оны күтіп баптап, айналасын гүлге толтыру қаланың көркін келтіреді. Тұрғындар барынша күнделікті тұтынатын заттардың қалдығын қоқыс жәшіктеріне тастағаны жөн. Қаланың тазалығы жақсы әрекеттерден басталады. Әрбір құрылыс нысаны сапалы салынғаны жөн. Әрине, тұрғын үй ауласын күтіп ұстау тұрғындардың да жауапкершілігіне байланысты, - дейді қала басшысы Ернат Бәзіл.
Бүгінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің сыртқы формасы бұрынғыға ұқсамайды. Бояуы қанық, құрылысшылар түрлі-түсті түстерді пайдаланған. Үстел теннис орталығы да көзге ерекше түседі.
Жылда қанша үй салынса да кезек күткен тұрғындардың саны азаяр емес. Қала ішінде мыңдаған адам кезекте тұр. Олардың бәрі мемлекеттің аузына қарап отыр. Тегін берген үйлердің аулалары лас. Орындықтары сынған, гүлдері шіріп кеткен. Өкінішке қарай, өңірде орташа айлық көлемі төмен. Жастар 150-170 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Олар сондай аз ақшамен қалай үй ала алады. Бұрынғы салынған үйлердің сыртқы сылағы опырылып түсіп жатыр. Жөнді салынбағаны көрініп тұр. Алматы облысы кезінде салынған үйлер де бірте-бірте ескіріп бара жатыр, - дейді қала тұрғыны Айсәуле Марданқызы.