Жетісуда жемқорлықтың ескерткішіне айналған Береке коттеджді қалашығының үйлері кезекте тұрған отбасыларға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы бөлінбей тұрып, үлкен бүліктің ордасына айналған шағын қалашық үйлерінде қаншама отбасының көз жасы жатыр. Мердігер мен жергілікті биліктің өзара әнтек әрекетінің салдарынан сапасыз салынған нысандардың жартысына жуығы аяқсыз қалған еді. Оны Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолдауымен қайта қалпына келтіріп, тұрғындарға табыстамақ.
Көпке аян, аталған нысандардың аяқсыз қалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір мердігермен келісімге келіп, аяқсыз қалған тұрғын үйлерді қайта салу бойынша доспарлар қойылды. Жүзге жуық коттедж салынады. Келесі айда 25-і кезекте тұрған жандарға ретімен беріледі. Қалған үйлердің жайы да ел назарында. Кезең-кезеңімен салынған үйлерді жасап, баспасыз жандарға табыстаймыз, - дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Атқарылып жатқан жұмыс барысымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян Ахметжанов та танысты. Себебі антикор өз бақылауына алмағандықтан, бұл істің созылып кеткені мәлім. Екі тарап арнайы мониторинг жүргізді.
Қала басшысына риза болып отырмын. Қаншама отбасының арманы орындалғалы тұр. Біз осы жөндеусіз қалпымен де бере берсе, өзіміз жасап аламыз дегенбіз. Себебі баспанасыз қиын. Ендігі мәселе нағыз үйі жоқ жандарға тарту етілсе жөн болады. Қазір баспанасы бар болса да мемлекеттен үй алуға дайын отбасылар көбейді. Құжат бойынша арнайы саралап табыс етіледі деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Жаныл Серікқызы.