Келесі жылы Талдықорғанда желтоқсандықтарға арналған монумент орнатылмақшы. Оның эскизін әзірлеуге желтоқсандықтардың өздері қатысады, ал қажетті қаржылай қолдау облыс әкімдігі тарапынан көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен өткізген дәстүрлі кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Кездесуге 29 желтоқсандық келді, жалпы өңірде аталмыш оқиғаға қатысқан 74 азамат тұрады.
Бейбіт Исабаев жиналғандармен әңгімелесіп, өзінің журналистік қызметте болған сол жылдардағы естеліктерін еске түсірді.
Кездесуге қатысушылар атынан «Жетісулық желтоқсандықтар» облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ермұхан Жүнісхан, желтоқсан оқиғасына қатысушылар Бағдат Айтмұқаева, Толқын Мұсаханқызы және басқа да азаматтар сөз алды.
Бейбіт Исабаев желтоқсандықтармен басқосуды бұдан былай жиі өткізіп тұратынын айтып, осы санаттағы азаматтарға қажетті қолдаулар көрсету туралы тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Енді Жетісудағы желтоқсандықтарға медициналық қызмет көрсетуде жеңілдіктер қарастырылады. Олар келесі жылдан бастап санаторлық-курорттық ем қызметін жылына бір рет тегін пайдалана алады. Жылына бір рет берілетін материалдық көмек сомасы 50 мың теңгеге ұлғайтылып, биылдан бастап оның сомасы 200 мың теңгеге жеткізілетін болды. Сондай-ақ облыс әкімі Талдықорғанда жетісулық желтоқсандықтардың аты-жөні жазылған монумент тұрғызу, олар туралы естеліктер кітабын шығару туралы ұсынысын айтты.
Сіздермен Тәуелсіздік күні қарсаңында ғана емес, жылдың басында да кездесу өткізсек, жыл бойы бірлесіп қандай іс-шаралар атқаратынымызды ақылдасып жоспарлағанға тиімді болар еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», - деген болатын. Талдықорғанда монументті «Жастар» саябағына қоюға болады, бірақ орны туралы әлі де ақылдасайық. Желтоқсан оқиғасына объективті баға беретін деректі фильм түсіру керек, кітап шығару керек деп есептеймін, - деді Б.Исабаев.