Талдықорғанда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апатында ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Polisia.kz мәліметінше, оқыс оқиға 30 қазанға қараған түні Талдықорғанның орталығында болды. Жол апаты Audi 80 және Hyundai Solati автокөліктерінің қатысуымен болды.
54 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Балпық би көшесімен келе жатып, жол жиегінде тұрған Audi көлігімен соқтығысады. Соққы кезінде неміс көлігінің 37 жастағы жүргізушісі жолаушысымен бірге көліктің артқы дөңгелегін ауыстырып жатқаны анықталды. Жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Сондай-ақ 36 жастағы ер адам түрлі дене жарақаттарымен аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлімінде көзделген тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды, - делінген хабарламада.