Талдықорғанда туристік мурал салынды

7 Маусым 2024, 17:17
490
Бөлісу:
Талдықорғанда туристік мурал салынды
Фото: автордан

Облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына Бұрханбұлақ сарқырамасының бейнесі салынды. Бұл өңірдегі табиғаттың кереметін көрсеткен тұңғыш мурал саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көпке таныс, Бұрханбұлақ сарқырамасы Орталық Азиядағы ең биік сарқырама саналады. Қазір сонда барар жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Табиғаты көркем мекенді көзбен көрудің өзі керемет. 

Соны халыққа кеңінен насихаттау үшін Талдықорғанда осындай мурал салынған. Монументалды кескіндемені екі суретші бірігіп жұмыс істеген. Бірі – қабырға суретінің эскизін жасаса, екіншісі оны қондырған. Бастама «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының тапсырысына сай жасалған.

Жалпы қабырғадағы муралдар қаланың эстетикалық келбетіне ажар қосу үшін салынған сурет. Дегенмен біз өңірдің туризм саласын дамытуға бағыт-бағдар ретінде қарадық. Бұл билборд ретінде алдағы он жылда қала тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлейтін ауқымды іске айналады. Қабырғадағы сызбаға нейрондық желілердің көмегімен салынған объектілер кіреді. Жалпы талантты суретшілермен идеямызды бірлесіп жүзеге асыра алдық, - дейді орталық басшысы Жандос Нұриев.

Жоғарыдағы мурал талдықорғандық суретші Еркеғали Иманғали шығармашылығының жемісі. Бұған дейін облыс орталығындағы көпқабатты үйлерге бірнеше мурал салған. Сондықтан тәжірибелі маман өз жұмысын аса ыждахаттылықпен жазған. Алдағы уақытта осындай дүниелер өмірге әкелуге ниетті.

Шағын шаһардың көркін кіргізетін осындай дүниелер. Біздің үйдің іргесінде тұрғанын көріп қуанып қалдық. Бұрханбұлаққа бару мақсатымызда бар. Муралды көріп тіпті барғымыз келіп кетті. Жоғары деңгейде салынған туынды екен, - дейді қала тұрғыны Серік Әбділов.

Өзгелердің жаңалығы