Аталған акцияға 100 тарта мемлекеттік қызметкер атсалысты. Қала әкімі Ернат Бәзіл де қан тапсырып, тұрғындарға акцияның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде дәстүрлі түрде қан тапсыру акциясы өтіп тұрады. Дегенмен халықтың дені бұл игілікті істен бейхабар. Бүгінде осы мерейлі іске қала әкімдігі мұрындық болып, әуелі өзі қан тапсыру орталығына барды.
Абай атамыздың «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп айтқанындай бұл шараға бәріміздің атсалысқанымыз абзал. Сіздің қан тағы бір қазақтың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Әрі сауапты іс, әрі денсаулыққа пайдасы мол. Бұл акцияның маңыздылығы осында. Арнайы тексерістен өтіп, қан тапсырып, тағы бір адамға үміт сыйлауға келген жаңдарға алғыс айтамын. Осындай ізгілікке бастайтын акциялардың көптеп өткені тиімді. Барынша насихаттауға тырысып жатырмыз, - дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Акцияны қолдауға 50-ден аса әкімдіктің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері келді. Олар қан тапсырып, донор атанды.
Жалпы донорлық қан жоспарлы емдеу және шұғыл көмек көрсету үшін құнды ресурс ретінде бағалы болып табылады. Оның нәтижесінде қауіпті патологиясы бар науқастардың өмірі ұзарып, оның сапасы жақсарады. Донорлық қан күрделі медициналық және хирургиялық процедуралар үшін де керек. Жыл сайын миллиондаған адамның өмірін құтқарған донорлардың еңбегі орасан. Біздің өңірдегі сондай ақжолтай азаматтарға алғыс білдіремін, - дейді облыстық қан орталығының директоры Марат Досқалиев.
Айта кетейік, жыл сайын қан орталығына 5 мыңнан аса тұрғын қан тапсырады. Бүгінде дертіне дауа іздеген науқастарға көмектесуге асық жандар саны артып келеді. Олардың қаны үш науқастың өмірін сақтап қалады.