Мемлекет басшысы Жетісуға жасаған сапарында облыс әкіміне емхана салуды тапсырған еді. Енді осы міндетті «Kazakhmys Holding» инвестор-компаниясы мойнына алып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде өңір басшысы Бейбіт Исабаев пен Денсаулық сақтау министрлігі және компания төрағасы Эдуард Огай өзара келісімге келді. Бұған дейін қала кіреберісінде бой көтерген нысанға ары қарай инвесторлар ақша құйып, жаңа орталықтың іргесін қалайды.
Біз көп ойландық, бұрын салынған ғимаратты әртүрлі мақсатта пайдалануға болар еді. Дегенмен халықтың сұранысына сай емхана болады деп шештік. 500 орынды емхана жаңадан дамып келе жатқан шағын аудан үшін маңызға ие. Осы ретте Кербұлақ ауданында мыс өндіретін тау-кен байыту комбинатын салумен айналысып жатқан «Kazakhmys Holding» компаниясының басшылығымен жарты жыл көлемінде келіссөздер жүргіздік. Бұл – құны 1 трлн теңге шамасындағы үлкен инвестициялық жоба. Бүгін міне мемарандумға қол қойып, өзаға келісімге келдік, - деді Б.Исабаев.
Осыған дейін ел көлемінде бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асырған «Kazakhmys Holding» ЖШС бұл жолғы жобаны да абыроймен алып шығамыз деп отыр. 1993 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан компания түрлі салаларға инвестиция құйған.
Бұл игілікті істе жауапкершілікті жақсы түйсінеміз. Көп ойлана келе онкологиялық орталық салу жөніндегі ұсынысты қолдадық. Облыс үшін маңызды медициналық мекеменің құрылысымен айналысамыз. Өңірде осымен екі жобаға мұрындық болып отырмыз, - деді Э.Огай.
Айта кетейік, аталған нысан бұған дейін салынған Жамбыл облысындағы 200 орындық онкологиялық орталық құрылысының жобасы негізінде іске асады. Ең маңыздысы – заманауи материалдық-техникалық базамен қамту.