Талдықорғанда «Инватакси» қызметіндегі автокөлік саны 2 есеге арттырылады. Бұл туралы қала халқымен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалалық қызметтер өз жұмыстарына деген көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, қайта қарауы тиіс. Яғни ең алдымен халықтың талап-тілегін қанағаттандыру керек. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуге тиіспіз, - деді Б.Исабаев.
Жиында белгілі болғандай, қазіргі кезде «Инватакси» тегін сервистерінде арнайы жабдықталған 7 автокөлік бар, мұнда бір күнгі шақырулар саны 100-ге дейін жетеді. Жыл соңына дейін «Инватакси» қызметіне тағы 1 автокөлік сатып алынбақ.
Дегенмен мұның жеткіліксіз болуына байланысты облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қала әкімдігімен бірлесіп «Инватакси» автокөлігінің санын екі есеге ұлғайтуды тапсырды. Сол сияқты көру мүмкіндігі шектеулі адамадар үшін дыбысты бағдаршамдар санын 12-ден 20-ға дейін көбейту міндеттелді.