Облыс орталығында бүгінгі күннің батырлары саналатын білек күші берік, жауырыны тоқпақтай жігіттер күш сынасты. Тас көтеріп, арба сүйреген алыптар өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәстүрлі түрде өтетін батырлар бәсекесіне ондаған спортшы қатысты. Сындарлы сайыста олар 100 кг тас көтеру, 12 кг найзаны лақтыру, 200 кг арбаны сүйреу, 130 кг бөренемен 1 минут ішінде отырып тұру сияқты нағыз ептілікті талап ететін спорт түрлерінен бақ сынады. Арнайы ережелерге сүйене отырып, жоғары нәтижеге көрсеткен қатысушы талап бойынша тұғыр төріне шығады.
Қазақ жауынгер халық, біздің тарихымызға үңілсек түрлі батырлар ержүректігімен еліне қорған бола білген. Атқа мінгенде жылқының белін майыстырған алыптардың ерлігі ел жадында. Бүгінгі дода сол бабалардың сарқытындай ер мінезді азаматтардың нағыз күш жігерін көретін сәт. Мұнда ұлттық дәстүріміздің жаңғырындай қазаққа жақын таным бар. Кезінде той, түйе, сиыр көтеріп сынға түскен батырлар бір рудың ғана емес, мұқым ұлттың абыройын сақтап қалған. Сондықтан бүнігі бәсеке ел азаматтарының ержүректілігін дәлелдейтін сын сағаты, - дейді облыс әкімінің орынбасрасы Марлен Көлбаев.
Аталған сайысқа облысқа қарасты қала-аудандардан оннан астам қатысушы келді. Арасында спорт шеберлерімен қатар, мектеп мұғалімдері, әр түрі сала мамандары бар. Олар бұған дейін де талай додаға түсіп, ержүректілігімен елге танылған.
Дәл қазір қазақ даласына осындай спорт түрі керек. Осы азаматтар ертең еліне қорған бола алады. Қараңызшы, сырт келбетіне қарап көз тояды. Елді жаудан қорғайтын да осылар. Зілдей ауыр заттарды биікке көтер оңай емес. Белін ауыртып ала ма деп те уайымдайсын. Бірақ мұнда шын мықты анықталады, - дейді көрермен Ғазиз Талапбекұлы.