Өткен жұма күні Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай Салтанат сарайында осы сала мамандарына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жалпы облыста әлеуметтік қызметтің барлық түрлерімен 11 мыңнан астам адам қамтылған, 73 мың адам жалпы сомасы 5,5 млрд. теңгеден асатын әлеуметтік көмек алды, соның ішінде 7 мың отбасына атаулы әлеуметтік көмек беріліп отыр. Кедергісіз орта құруға бағытталған жұмыс жалғасуда. 2025 жылға дейін өңірде әлеуметтік-көлік инфрақұрылымының 535 объектісін бейімдеу жоспарлануда, оның 104-і биыл аяқталуы тиіс, оған жергілікті бюджеттен 282 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.
Облыс әкімінің атынан әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Рустам Али құттықтап, азаматтарды әлеуметтік қолдау өңірдің басым бағытының бірі екенін атап өтті.
Осындай қиын да жауапты жұмысқа бар күш-жігерін арнап жүрген барша жанға шын жүректен ыстық ықыласымды білдіремін. Жүзі жылы, жүрегі кең, алақаны аялы, сөзі шипалы өздеріңіздей ізгі жандардың ерен еңбегі қандай құрметке де лайық, - деді Р.Али өз құттықтауында.
Кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегі үшін ол бірқатар азаматтар мен мекемелердің үздіктеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын табыстап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісін тақты.
Сол сияқты номинациялар бойынша марапаттар берілді. Мәселен, Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» атанса, «Мейір-Талдықорған» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымдар арасында топ жарды. Үздік жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ретінде Сарқан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қара үзіп шықты. Ал «Үздік жұмыспен қамту орталығы» атағы Ескелді ауданы халықты жұмыспен қамту орталығына берілді. Жеңімпаздарға 300 мың теңгенің сертификаты мен арнайы дипломдар тапсырылды.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» КММ директоры Ирина Байғазақова марапатталғандардың атынан сөз алды.
Біздің орталық өз жұмысын 2016 жылдың қазан айынан бастады. Бүгінгі таңда мекеме заманауи құралдармен жабдықталған. Ашылған күннен бастап орталық аутизммен және церебральды сал ауруымен ауыратын 250-ден астам балаға қолдау көрсетті. Балалар мұнда тиісті оңалту шараларын қабылдаумен қатар бір-бірімен араласуға, ең жақсы тренажерларда жаттығуға мүмкіндік алады. Біздің ұжымымыз берекелі, тату ұжым. Еңбегімізді жоғары бағалағаны үшін облыс басшылығына рахмет айтамыз. Әріптестерімді кәсіби мерекемен тағы бір мәрте құттықтаймын баршаңызға, зор денсаулық тілеймін. Біздің салада мейірімі мол, жанашыр адамдар еңбек етеді Жауапкершілікпен қатар адамгершілікті талап ететін күнделікті жұмысты үлкен жүрекпен атқарып жүргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын, - деді ол.
Мерекелік салтанат Жетісу шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.