Облыс орталығын газдандыру жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған. Бүгінде газға қосылмаған 7 саяжай, 1 елдімекен тіркеліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талдықорған қаласын газға қосу шаралары 2016 жылдан басталған. Қала аумағында газ құбырының толық ұзындығы 1 291 шақырымға жетеді. Бүгінде 36 мың абонент газбен қамтылып отыр, оны пайызға шаққанда 90,3%-ды құрайды.
Талдықорғанымыз күн санап даму үстінде екені рас, дегенмен, қараша халық үшін жағдайдың жасалып жатқаны шамалы. Газ құбырларына үнемі жөндеу жұмыстарын жасап жатады, бірақ нәтиже жоқ. Қыста көмірдің азабын тартамыз, отын тасып, күл шығару қай заманның тіршілігі? Газ бірімізде болса, екіншімізде жоқ. Бағалар да жыл санап шарықтауда, ал газдың тек уәдесі ғана бар. Дамушы қала деген аты болмаса, қарапайым инфрақұрылымға қол жеткізе алмай отырмыз. Халықтың шыдамын сынағанды қашан қояды?, - дейді қала тұрғыны Тұрысбек Елубай.
Талдықорған қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы 2100-ге жуық абонент табиғи отынға қол жеткізген. Нақтылап айтсақ, Пригородное ауылы, Ынтымақ ауылы, Экспедиция ауданы және 3-ші бөлімше. Ал 2023 жылы 5500-ге жуық тұрғын үй табиғи газ желісіне жалғанды. Мәселен, Үйтас саяжай қоғамы, Жастар-2, Ынтымақ елдімекені көмірден босады.
Былтыр газға қолжетімділікке 830 үй ие болды. 22 іске қосу кешені, 630 газ жәшігі орнатылды. Сондай-ақ, Мойнақ ауылын газға қосу жұмыстары аяқталды. Көп ұзамай газбен қамтылатын аумақтар: Қаратал, Қызыл тас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ саяжайлары және 1-бөлімше тұрғын үй алабы, - дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбаев.
Белгілі мерзімге жоспарланған жұмыстар көп кешікпей аяқталады.