Облыс орталығында қар тазалайтын техникалар негізгі көшелерді ғана күреп, халық көп жүретін шағын көшелерді уақытылы тазаламайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала тұрғындары әлеуметтік желіде қала әкімдігіне арыз-шағымын жеткізіп жатыр. Ақпанның басында толассыз жауған қардан тұрғындар мектепке баратын жолдардың беті көктайғақ екенін жеткізген. Ал саяжайдағы халық көлік жүретін тас жолмен қатынап жүргенін жазуда.
«Тазалап жатырмыз» деген сөз – өтірік. Адам көп жүретін көшелерге тұрғындар амалсыз жол салып алған соң барып, әбден тапталған қарды күрейді. Оның асты мұз болып жатыр. Үш күннен кейін қимылдайды. Тіпті кейде күремейді де, өзі еріп кетеді. Ертеңінде күн шыққанын күтетін секілді. Түнде жауған қарды таңда ел жұмысқа шыққан уақытта тазалайды. Көше жолдары сіре қарға толғанда, тырбыңдайды, - дейді Еркін ауылының тұрғыны Азамат Сәтпаев.
Бүгінде қаланың ішін, саяжайлар мен аялдамаларды қысқы мезгілде күтіп ұстау үшін бірнеше мердігер ұйым жұмыс істейді. Атап айтсақ, «АБС-ЛДстрой», «Талдықорған Көркейту», «Шығыс-4», «АБЗ Карьер ДРСУ», «Жетысу Көркем» және «Алан-22». Олар алдымен қоғамдық орындар мен көлік көп қатынайтын жолдарды тазалауға міндетті. Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтың айтуынша, жүзге тарта арнайы техника қызмет көтерсетіп жатыр.
Қала көшелерінің тазалығы біз үшін маңызды. Қар толассыз жауған күндері барлық техника жұмылдырылады. Сол бағытта 200-ден астам жұмысшы жұмыс істейді. Тротуарлар мен шағын көшелерге мың тоннадан астам инертті материалдар себілді. Оған қоса, облыс орталығындағы 5 саябақ пен 40 скверді қардан тазартуға 22 техника және 118 жұмысшы бекітілді. Тазалау жұмыстары жалғасады, - дейді Қ.Сейтімбетов.