3-ші бөлімшеде жол инфрақұрылымын жаңарту басталды. Үш жылға жоспарланған жоба тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024-тен 2026 жылға дейін 3-ші бөлімшеге тиесілі аумақта орналасқан жиынтық ұзындығы 15 шақырым болатын жиырма көше кезең-кезеңімен жаңартылып, толыққанды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Үш жылдық межемен жоспарланған бұл кең көлемді жоба – қазіргі заман талаптарына сай жүзеге асырылып, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Аталған жұмыстың тікелей орындаушысы ретінде «РСУ 1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітіліп, мердігер мекеме ретінде іске кіріскен.
“Жол мәселесі ұзақ жылдан бері шешілмей келген еді, енді міне, нақты жұмыстар басталып, көзге көрінетін өзгерістер болып жатыр. Тұрғындар үшін бұл – үлкен қуаныш әрі үміт сыйлаған жаңалық.” – дейді 3-ші бөлімше тұрғыны Бекзат Құрманәлі.
Қаламен байланыс орнататын №13 бағыттағы қоғамдық автобустар жүретін жолдардың да жағдайы сын көтермейтіні айтылып, тұрғындардың осы мәселеге байланысты шағымы ашық жеткізілген болатын. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы аталған аумақта ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын төрт көшеге толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сол көшелерге жаңа асфальт төселген болатын. Ал 2025 жылы жоба аясында, тағы жеті көшенің алты шақырымына асфальт жамылғысы төселмек.
Бұл игі бастама — тек жол мәселесін шешумен шектелмей, қала ішіндегі маңызды көлік желілерін қамтып, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған. Қаланың келешегі үшін де үлкен маңызға ие бұл жоба — тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, жол қозғалысы мәдениетін жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.