Талдықорған ауылдарына ауыз су қашан жетеді?

18 Ақпан 2025, 19:05
324
Бөлісу:
Талдықорған ауылдарына ауыз су қашан жетеді?
Фото: автордан

Талдықорған қаласында ауыз сумен қамту кезең-кезеңімен өз жалғасын табуда. Биыл тағы, 3 жоба қолға алынып, қаланы толықтай сумен қамту жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы алғанда, қалада ауыз сумен қамту жүйесі 98%-ды құрайды. 2023 жылы қолға алынған Қызылтас және Қаратал нысандарындағы жұмыстар тәмамдалып, артынша ауыз сумен қамту жұмыстары басталды. Былтыр Жастар1/1 алабында жоспарланған жұмыстар өз мәресіне жетті.

Талдықорғандағы Мереке, Иванилова көшелерінде ауыз су құбырлары жүргізілмеген. Бұл көрсеткіш қалай 98% деп есептеліп отыр? Ауыз су мәселесі бойынша үш жыл қатарынан жазып келемін. Жылда смета жасаймыз, дайын емес деген сынды жауап аламыз. Қаланың ішіндегі көшелерде ауыз суы жоқ деп айтудың өзі ұят, егер бұл жаңадан салынған, инфақұрылымы толық жүргізілмеген көшелер болса, түсіністікпен қарауға болар еді. Бірақ бұл ескі аудандар ғой. Қашанғы халық күтеді? , - дейді қала тұрғыны Ұлжанат Джакубаева.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Қала тұрғындары әкімдікке бірнеше рет шағымданғандарын, алайда түбегейлі шешім әлі табылмағанын алға тартады.

Осы түйткілді шешу үшін биыл 3 жоба жүзеге асырылмақ. Оған Еркін ауылдық округі, 1-ші бөлімше подхоз және басқа да назардан тыс қалған участоктар енеді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 4,8 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Саяжайлар мен қала іргесіндегі елді мекендер орталықтандырылған ауызсу желісіне толық қосылады.

Талдықорғандағы су желісінің ұзындығы 609 шақырымды құрайды, әр желінің ұзындығы - 364 шақырым. Биыл жоғарыда аталған жобаларды толыққанды аяқтайтын болсақ, алдағы уақытта қаланы 100% ауыз сумен қамтамасыз етеміз, - деді қала әкімі орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.

Өзгелердің жаңалығы