Талдықорған әуе базасына 50 жыл

31 Желтоқсан 2020, 21:21
1760
Бөлісу:
Талдықорған әуе базасына 50 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан дәл 50 жыл бұрын Талдықорған қаласына жойғыш-бомбалаушы авиациялық полкі көшірілді, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары бұл база қайтадан авиабаза ретіне ұйымдастырылды.

Мерейтойлық күнге орай барлық карантиндік нормалар сақтала отырып, салтанатты іс-шара өткізілді.

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев бөлімнің жеке құрамына құттықтау жолдап, әуе базаның елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті.

Аталған базаның жеке құрамын онлайн форматта ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Нұрболат Топаев, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов құттықтады.

Бүгінгі таңда әуе базасы әуе күштеріндегі үздік әскери бөлімдердің бірі болып саналады. Ол жауапкершілік аймағында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін күзету және қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайды. Алғашқылардың бірі болып Су-30СМ көпфункционалды жойғыштармен жасақталды. Ұшу және инженерлік-техникалық құрам жыл сайын өткізілетін барлық ірі ауқымды халықаралық оқу-жаттығуларға, сондай-ақ Армия халықаралық ойындарына қатысады.

Бұдан басқа, Талдықорған әуе базасында басқа авиациялық бөлімдерден ұшу экипаждары мен инженерлік-техникалық құрам қайта оқытудан өтеді. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, жердегі әскери ұшқыштарды сапалы оқытуға мүмкіндік беретін кешенді тренажер жұмыс істейді.

Бұл жерде әр жылдары Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер, генерал-майор Айдын Айымбетов, Қарулы Күштердің ардагері, авиация генерал-лейтенанты Александр Сорокин, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов қызмет атқарғанын айта кеткен жөн.

Өзгелердің жаңалығы