Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдыкөл маңында тұтанған дала өрті сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
20 маусым күні сағат 15.03-те «101« пультіне Есіл ауданындағы Қорғалжын тасжолының бойында қураған шөптің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ашық аумақта қамыс пен қураған шөп жанып жатқанын анықтады. Елордалық өрт сөндірушілер қызыл жалынмен екі тәулік бойы арпалысты. Өрт ошағына ТЖМ-нің МИ-8 тікұшағы 27 рет су төкті (81 тонна).
Кеше сағат 18.53-те өрт оқшауландырылып, бүгін сағат 5:55-те толығымен жойылды. Өрттің шығуының алдын ала себебі отты абайсыз қолдану болуы мүмкін. Жалынмен күреске 86 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ, - делінген хабарламада.
Екі күн бұрын Қорғалжын тасжолының бойында дала өрті тұтанғанын жазған болатынбыз. Кеше «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 ұшағы көмекке жіберілді.