Бұл туралы елордалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қалалық департамент былтыр өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізген.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2022 жылы өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Зертханалық зерттеуде 2043 азық-түлік өнім сынамасы алынды. Оның нәтижесіне сәйкес, алынған өнімнің 8 пайызы немесе 160 үлгі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. Айта кететін жайт, өнімнің 53 пайызы немесе 85 сынама – импорттық өндіріске, ал 47 пайызы немесе 75 үлгі – отандық өндіріске тиесілі, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Белгілі болғандай, тауар сөресін мониторингілеу және тәуекелді бағалауды қамтылған. Сондай-ақ тамақ өнімдерінің барлық түрлері: ет, балық, кондитерлік, сүт, аспаздық, балалар тағамы, диеталық қоспалар тексерілген.
Ал Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде мына талаптар қамтылған:
- өндірушілердің таңбалау ережелерін бұзуы, онда дайындаушы өнімнің затбелгісінде өндіруші туралы ақпарат (атауы, мекен-жайы) дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары көрсетілмеуі;
- микробиологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, атап айтқанда, өнімде ішек таяқшасының немесе патогендік флораның микроорганизмдердің рұқсат етілген санынан асып кету немесе көгерудің үздіксіз өсуі, яғни шіру, көгеру белгілерінің анықталуы;
- тұтынушыларды алдау, яғни таңбалануындағы көрсетілген құрамы бойынша өнімнің сәйкес келмеуі тұтынушыларды адастыруға әкеледі. Мәселен, өнімде қолданылған жануар тіндерінде ДНҚ немесе ГМО анықталуы, бұл ретте өндіруші өнімнің таңбалануында оның құрамында бар екенін көрсетпеуі;
- белгілі бір химиялық көрсеткіштердің рұқсат етілген шектен асып кетуі.
Аталған олқылықтар таңбалануы бұзылған және сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ өнімді жеткізу және өткізу, тасымалдау, сақтау кезінде сақтау шарттарының бұзылуына, ал жарамдылық мерзімі өткен өнімді өткізу – жұқпалы аурулар мен тамақтан уланудың пайда болуы мен таралуына әкеп соғуы мүмкін. Ескеретін жайт, былтыр Астанада 7 адам жаппай уланып, 217 адам зардап шекті, - деп ескертті Айгүл Шағалтаева.