Шымкентте таксистпен жанжалдасып қалған әйел автокөлікті сыра бөтелкесімен сындырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкенттің ауданаралық сотында ерекше қылмыстық іс аяқталды. Таксист пен жолаушы арасындағы жанжал автокөлікті жаппай зақымдауға ұласқан.
2025 жылдың маусым айында таңғы сағат 05:30 шамасында әйел такси шақырып, жүргізушімен жанжалдасып қалған. Сол сәтте сотталушы қолындағы сырасының шыны бөтелкесімен жәбірленушіге тиесілі "Geely Emgrand" маркалы автокөліктің ішіндегі алдыңғы панелін және мониторын ұрып сындырған. Содан кейін автокөліктен түсіп, сол жақ алдыңғы есіктегі терезені бөтелкесімен ұрған. Онымен қоймай жолдың жиегінде жатқан тасты қолына алып, көліктің алдыңғы және артқы терезелерін, сол жақ есігінің ішкі пластикалық бөлшегін сындырып, жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірген. Бөтеннің мүлкiн қасақана бүлдiрген, - деп хабарлады Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Сотта тараптар толық татуласты. Айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол таксистке келтірілген барлық залалды өтеп берген. Зардап шегуші өтемақыны алғанын, әйелді кешіргенін айтып, соттан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Сот әйелді ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігінің негізінде жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатты, - делінген сот хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.