Такси жүргізушілеріне жаңа салық режимі енгізіледі

Бүгiн, 16:03
297
Бөлісу:
Такси жүргізушілеріне жаңа салық режимі енгізіледі
Фото: - архив

Қазақстанда такси жүргізушілері үшін жаңа салық режимі енгізілмек. Ұлттық экономика министрлігі таксопарктердің бюджет-салық реформасына қатысты мәлімдемелеріне жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылдың 20 ақпанында Мәжіліске ұсынылған Салық кодексі жобасында такси жүргізушілеріне арнайы жеңілдетілген салық салу режимі қарастырылған. Жаңа жүйе бойынша жүргізушілер ҚҚС және басқа да салықтарды төлемейді. Жеке табыс салығының мөлшерлемесі нөлге тең.

Такси жүргізушілеріне тек 4% мөлшеріндегі бірыңғай төлем енгізіледі, оған зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және медициналық сақтандыру кіреді. Бұл режимді жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайдалануға болады.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2024 жылы «такси» қызметі бойынша 15 мыңға жуық салық төлеуші жеңілдетілген декларация режимін қолданған. Олардың тек 6%-ы ғана ҚҚС төлеу міндеттемесіне ілігеді, бұл негізінен ірі таксопарктерге қатысты.

Сондай-ақ жаңа жүйе такси жүргізушілеріне интернет-платформа операторларымен (мысалы Яндекс) тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Министрлік такси қызметі бағалары нарықтық қатынастарға, бәсекелестікке және сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы