Таиланд Конституциялық соты елдің премьер-министрі Пэтонгтарн Чинаватты қызметінен уақытша шеттету туралы шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған оның Камбоджаның бұрынғы басшысы Хун Сенмен телефон арқылы сөйлескен жазбасының таралуы себеп болды. Әлеуметтік желіде кең тараған бейнежазбада Пэтонгтарн оны «аға» деп атап, Таиландтың әскери басшылығын сынаған. Бұл қоғамда кең наразылық тудырып, оның отставкасын талап еткен петиция сотқа жолданған.
Конституциялық сот 7 дауысқа қарсы 2 дауыс нәтижесімен Пэтонгтарнды қызметінен уақытша босатып, оған өз ұстанымын қорғауға 15 күн уақыт берді. Уақытша үкіметті енді вице-премьер Сурья Джунгрунгруангкит басқарады.
38 жастағы Пэтонгтарн ел тарихындағы ең жас және екінші әйел премьер-министр. Ол 2023 жылы қызметке кіріскен. Премьер-министр ретінде ел экономикасын жандандыруға тырысқанымен, соңғы аптада оның рейтинг көрсеткіші 30,9%-дан 9,2%-ға дейін күрт төмендеді.
Пэтонгтарн Таиланд саясатында ықпалды Чинаваттар әулетінің өкілі. Егер ол ресми түрде қызметінен босатылса, әулеттің үш мүшесі қатарынан биліктен мерзімінен бұрын кетеді.
Оның әкесі, бұрынғы премьер-министр Таксин Чинават та қазіргі таңда саяси қысымға ұшырап отыр. Ол бірнеше жыл бұрын монархияға қатысты айтқан сөздері үшін сотқа тартылуда. 15 жыл қуғында болған Таксин 2023 жылы елге қайтып оралған еді.
Пэтонгтарнды қолдайтын «Пхеу Тхай» партиясының биліктегі позициясы да әлсірей түсті. Екі апта бұрын негізгі серіктесі коалиция құрамынан шыққаннан кейін, парламенттегі басымдық шайқала бастады.
Сарапшылар бұл жағдайды Таиландтағы саяси тұрақсыздықтың кезекті көрінісі ретінде бағалап отыр.