Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Таиланд Камбоджамен "бейбітшілік келісімін" тоқтатады

11 Қараша 2025, 07:13
252
Бөлісу:
 Andrew Harnik/Getty Images
Фото: Andrew Harnik/Getty Images

Таиланд үкіметі көршілес Камбоджамен арадағы «бейбітшілік келісімін» жүзеге асыруды уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім шекара маңында болған жарылыс салдарынан бірнеше сарбаз жараланғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.

Ресми өкілдің айтуынша, жарылыс Сисакет провинциясындағы Камбоджа шекарасына жақын аймақта болған. Әскери қызметкерлердің бірі аяғынан айырылған.

Келісімнің орындалуын тоқтату туралы шешімді Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул растады.

Қауіпсіздік қатері нақты азайған жоқ. Сондықтан Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың шешімін толық қолдаймын, - деді ол дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында.

Анутин сейсенбі күні жараланған сарбаздарға баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл келісім қазан айында Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен салтанатты рәсім барысында жасалған болатын. Құжатқа Таиланд пен Камбоджа премьер-министрлері – Анутин Чарнвиракул және Хун Мане қол қойып, келісімге АҚШ президенті Дональд Трамп модератор ретінде қатысқан еді.

Келісімнің ресми атауы – «Куала-Лумпурдағы кездесу қорытындысы бойынша Таиланд пен Камбоджа премьер-министрлерінің бірлескен декларациясы». Құжат бойынша тараптар даулы шекара аймағынан ауыр қаруларды шығарып, жағдайды бақылау үшін уақытша бақылаушылар тобын құруға келіскен болатын. Сондай-ақ, Таиланд аумағында ұсталған 18 камбоджалық сарбазды босату жоспарланған.

Алайда Таиланд үкіметі бұл құжатты толыққанды «бейбітшілік келісімі» деп атаудан бас тартқан.

Камбоджа тарапы болса, келісім күшінде қалатынын және бейбіт жолды сақтауға бейілді екенін мәлімдеді.

Екі ел арасындағы шекара дауы – ғасырдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан күрделі мәселе. Бұл шекара Франция Камбоджаны отарлаған кезеңде белгіленген. Соның салдарынан тарихи, мәдени және аумақтық таластар жиі туындайды.

Соңғы ірі қақтығыстар кезінде 40-тан астам адам қаза тауып, шамамен 300 мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Кей сарапшылардың пікірінше, соңғы оқиғалар Таиланд пен Камбоджа арасындағы шиеленістің қайта ушығу қаупін арттырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы