Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін жаңадан тағайындалған бірнеше елдің елшісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды.
Грамота тапсыру рəсімінен кейін Мемлекет басшысы əр елшімен жеке-жеке жабық форматта кездесу өткізді. Ресми жүздесуден кейінгі шағын брифингте Таиланд корольдігінің елшісі Расс Джаличандра екі ел арасындағы байланыс нығая түсетінін айтты."Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланғаннан кейін сенім грамотасын тапсырған бірінші елші болу мен үшін үлкен мәртебе. Грамота тапсырғаннан кейін Тоқаев мырзамен шағын уақыт әңгімелесу мүмкіншілігі болды. Біз қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасында өте жақсы достық қарым-қатынас бар деген ортақ пікірге келдік", - деді ол.
Сонымен қатар, Расс Джаличандра биыл Бангкок пен Нұр-Сұлтан қаласы арасындағы достықтың 15 жылдығы екенін айтып, қазіргі уақытта Таиланд елшілігі Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесін атап өтуге дайындалып жатқанын жеткізді.
Ал Иордания корольдігінің елшісі Юсуф Абдельгани өз сөзінде екі мемлекет арасында қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын атап өтті.
"Қазақстан мен Иордания корольдігі арасында тығыз байланыс орнаған. Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының негізі 1993 жылы қаланған. Осыдан кейін Қазақстан мен Иорданияда елшілер тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін екі ел арасында барлық салада жақсы қатынас дамыған. Одан əрі де өркендеуде. Екі елдің мəдениет, білім, жалпы барлық салаларда бірқатар ортақ келісімі бар. Біздің, яғни елшілердің міндеті - өзімізге дейін қалыптасқан байланысты нығайту жəне оны одан əрі дамыту", - деді Юсуф Абдельгани.
Ал Венесуэла елшісі Энрике Антонио Акунья Мендоза жаңа тарихи кезеңді бастан кешіріп отырған Қазақстан халқы мен Үкіметіне бейбітшілік, өрлеу мен гүлдену тіледі.
"Қазақстандағы біздің миссиямыздың басты мақсаты - Үкіметтеріміз арасындағы саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық ынтымақтастықты нығайту, халықтарымыздың достық пен ынтыматастық байланыстарын күшейту", - деді Энрике Антонио.