Әлеуметтік желіде тағы бір судьяның түсініксіз әрекеті түскен видео тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Тараған видеода Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Бақытжан Бәкірбаевтың қос қолының саусақтарымен жасаған қимылы көрсетілген. Судьяның торды еске салатын әрекетін желі қолданушылары қызу талқыға салды.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты осы мәселе қатысты түсініктеме берді.
Белгілі болғандай, видео 2024 жылы Алматы қаласының сотында резонансты қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралған кезде түсірілген.
Сот отырысы барысында процеске қатысушылардың бірі залдан шығып кетуге әрекет жасаған. Судья мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін білдірді, себебі дәл сол сәтте бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгерту мәселесі қаралып жатқан болатын. Аталған қимыл тек сот тәртібін сақтау мен процестің дұрыс өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған, - делінген ресми хабарламада.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды, - дейді соттағылар.
Жалпы іс қарау барысында судьяның сот отырысындағы әрекеттеріне қатысты шағымдар түскен. Аталған шағымдарды қарау нәтижесінде Судья әдебі жөніндегі комиссия судьяның кейбір әрекеттеріне қоғамдық сөгіс жариялады.
Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша өткен сот отырысында судья журналиске тілін шығарған еді.