Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жұмысшы мамандықтарды таңдаған азаматтарға арналған а ипотекалық тұрғын үй бағдарламасын іске қосу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында жұмысшы мамандарының тұрғын үй мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.
Жұмысшы мамандықтарының жалақысын есептеудің жаңа методикасын қарастыру және тұрғын үй мәселесін шешу қажет. Жұмысшы мамандардың көпшілігі, әсіресе жастар тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, бұл олардың еңбек өнімділігі мен өмір сапасына әсер етеді. Осы ретте, "Отбасы" банк жұмысшы мамандықтарды таңдаған азаматтарға арналған арнайы жеңілдікпен ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларын іске қосуы тиіс, - деп есептейді депутат.
Сондай-ақ Сүлейменова жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру үшін еңбекақы төлеу әдістемесін заманауи талаптарға сәйкес жетілдірілу қажет деп санайды. Оның ішінде, еңбек заңнамасына сәйкес, сауықтыру және қосымша бонустар қарастырылуы шарт.