Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының әлеуметтік жұмыскерлердің мәртебесін арттыру мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет мәліметінше, бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 40 мыңнан астам жұмыскер көрсетіп отыр. Олардың қатарында әлеуметтік жұмыскерлер, медицина және педагогикалық персонал бар. Әлеуметтік жұмыскерлердің жалпы саны 12 598 адамды құрайды, оның ішінде 1 259 адам үкіметтік емес секторда еңбек етеді.
Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар мен қазыналық кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлерге, соның ішінде әлеуметтік жұмыскерлерге арналған еңбекақы төлеу жүйесі тиісті қаулымен бекітілген. Үкімет азаматтық қызметшілердің жалақысын мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап келеді, - делінген Балаеваның ресми жауабында.
Атап айтқанда, 2021-2023 жылдары әлеуметтік қамтамасыз ету саласы жұмыскерлерінің жалақысы лауазымдық айлықақыға түзету коэффициентін қолдану арқылы біртіндеп ұлғайтылды.
Сонымен қатар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап төмен жалақы алатын азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 20 пайызға арттыру басталды. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге өсті, - делінген депутат сауалына берілген жауапта.
Қазіргі уақытта әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру моделіне көшу үстінде. Бұл тәсіл әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар желісін кеңейтуге және қызметтерді шалғай ауылдық елді мекендерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында тарифтерді қалыптастыру әдістемесіне еңбекақы, үстемақылар мен қосымша төлемдер, коммуналдық шығындар, ғимаратты жалға алу, жанар-жағармай, сондай-ақ қызмет көрсету процестерін автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу шығындары енгізілген.