Алматы, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Патриоттық рух - басты құндылық» жобасы аясында Алматы қаласының жастарымен «Тағлым мен Тағзым» атты кездесу өткізілді.
Тәуелсіздік бастауы болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, оның тарихи маңызын кеңінен насихаттауды және жастардың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған кездесулерге жастар қызығушылықпен қатысуда.
Кездесуге «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан» республикалық халықтық-отаншылдық қозғалысы, «Желтоқсан қоғамы», «Желтоқсан зейнеткерлері», «Өршіл рух» сияқты қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққаны үшін сотталған, сот залында алды ату жазасын алса да қайсарлықпен қасқайып тұратын төрт жігіттің тарихи фотосын білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол фотодағы Қайрат Рысқұлбековтің жанында түрған қайсар жігіт, бүгінде алпысты алқымдаған Қайыргелді Күзембаев, желтоқсан көтерілісі кезінде ауылдан енді келген өрімдей жас Айболат Жұмабай, ұлт болашағы үшін жан-тәнімен еңбек етіп жүрген Шора Қарабаев, Нәбижан Бәйтеков, Әмірбек Матеев жігіттердің намысын қайрап, алғы шепте тұрған.
Түрмеде отырған қазақ қыздары – Баян Әуелова, Ақкүміс Ихласова, Бәтес Досқалиева, Гүлшат Арыспаева, Мәрзия Болатова сынды желтоқсан көтерілісінің батырларының естелік әңгімелері жастарды бейжай қалдырмады.
Қасіретті күндердің куәгерлері, оқиғаның ортасында болған – желтоқсаншылардың өз аузынан естелік тыңдау, сұхбаттаса отырып сырласу жастарға рух беріп, намысын қайрады, Отанға деген махаббатын арттырды.
Аға ұрпақтың намысқойлығына, елжандылығына, қайсарлығына бас иген жастар Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан көтерілісіндегі ерлігі үшін аға-апаларына алғыс айтты. Жастар аға ұрпақ аманаты – Тәуелсіздікті көз қарашығындай сақтайтындықтарын кездесу әсерімен толқи отырып жеткізді. Тағылымы мол әңгіме тыңдап, тағзым етуге тұрарлық аға-апаларының болғанын мақтан етті.
Қыркүйек айынан басталған мұндай кездесулер желтоқсанға дейін жалғаспақ.