Қазақстанда 2026 жылы табыс пен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау жүйесін енгізу жалғасып жатыр. Бұл жүйе азаматтардың барған сайын көбірек санатын қамти бастады. Декларацияны нақты кімдер тапсыруы тиіс, қандай мерзімдер белгіленген және қандай талаптарды ескеру қажет екенін түсіну үшін BAQ.KZ тілшісі R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановқа жүгінді. Сарапшы негізгі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, салық төлеушілерге практикалық кеңестер берді.
Оның айтуынша, декларациялау міндеттемесіне нақты кімдердің кіретінін және 270-нысанды қай жағдайда тапсыру қажет болатынын дұрыс түсіну маңызды.
270-нысан бойынша табыс пен мүлік туралы декларацияны тек жеке тұлғалар тапсырады – бұл заңды тұлғалар мен бизнес субъектісі ретінде жеке кәсіпкерлерге қатысты емес. Алайда кәсіпкер жеке тұлға ретінде табыс алған немесе декларациялауға жататын активтерге иелік еткен жағдайда декларация тапсыруға міндетті. Сонымен қатар бұл міндет мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген адамдарға және олардың жұбайларына да таралады. Кейбір жағдайда басқарушы лауазымда істейтін және қатардағы қызметкерлер санатына жатпайтын квазимемлекеттік сектор өкілдеріне де қатысты болуы мүмкін, – дейді ол.
Сарапшы декларация тапсыру мерзімі мен тәсілдеріне де ерекше тоқталды. 2026 жылы бірыңғай соңғы мерзім белгіленген, сондай-ақ қағаз түріндегі және цифрлық форматтағы бірнеше нұсқа қарастырылған.
Декларацияны тапсыру мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірілмеуі тиіс. Алғаш рет талап бұзылған жағдайда, әдетте ескерту беріледі, бірақ кейін әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін. Декларацияны бірнеше тәсілмен тапсыруға болады: салық органына жеке барып, ХҚКО арқылы, пошта арқылы жазбаша жолдау немесе электронды сервистерді пайдалану. Атап айтқанда, салық төлеушінің жеке кабинеті, мобильді қосымшалар және кейбір банктердің сервистері арқылы онлайн түрде тапсыру мүмкіндігі бар, – дейді Арман Байғанов.
Ірі сатып алулар мен табыстың жекелеген түрлеріне қатысты да нақты талаптар бар. Кей жағдайда азаматтар алған қаражат пен сатып алған мүлікті өз бетінше декларациялауға міндетті.
R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, егер жеке тұлға бір жыл ішінде 20 мың АЕК-тен асатын сомаға – шамамен 78 млн теңгеге – мүлік сатып алса, ол декларация тапсыруы тиіс. Бұл талап өзіндік салық салуға жататын табыстарға да қатысты. Мысалы, бағалы қағаздармен жасалған операциялардан немесе бір жылдан аз уақыт иеленген мүлікті сатудан түскен табыстарды азамат 270-нысанда өзі көрсетуге міндетті.
Маңызды талаптардың бірі – шетелдегі активтердің болуы. Тіпті табыс болмаса да, мұндай активтер декларацияда міндетті түрде көрсетілуі керек.
Егер жыл соңында азаматтың шетелде активтері болса – мысалы, жылжымайтын мүлік, банктік шоттар немесе басқа да мүлік, айталық Түркияда, Ресейде немесе АҚШ-та – ол оларды декларациялауға міндетті. Бұл талап аталған активтер табыс әкелді ме, жоқ па – соған қарамастан қолданылады. Осылайша мемлекет азаматтардың мүліктік жағдайы туралы толық көрініс қалыптастырады, – деп түйіндеді қаржылық кеңесші.
2026 жылы Қазақстанда декларациялау жүйесі анағұрлым жүйеленіп, азаматтардың жаңа санаттарын қамти түседі. Сарапшылар талаптарды алдын ала түсініп, декларация тапсыруды соңғы мерзімге қалдырмауға кеңес береді. Бұл айыппұлдан және толтыру кезінде жіберілетін қателіктерден сақтануға мүмкіндік береді.