Министр: Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесі көтеріледі

10 Маусым 2020, 17:01
3137
Бөлісу:
Министр: Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесі көтеріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев есептік кездесуінде жануарлар дүниесі саласында жыл сайын сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен ақбөкен санының артуы байқалғанын айтты. 

Ақбөкеннің популяциясы 334 мыңға жетіп, өсім 55 пайызды құрады. Біз осы динамиканы сақтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Алайда браконьерлік фактілердің еңсерілмей келе жатқанын мойындау керек. Мемлекет басшысы браконьерлікпен күрес мәселесіне ерекше мән беріп жатыр. Министрлік Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратурамен бірлесіп 2019 жылы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнамаға түзетулер енгізді, - деді ол. 

Министр қылмыстық кодекске табиғатты қорғау инспекторлары мен қорықшылардың өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін қатаң жаза қарастыратын жеке бап енгізілгенін жеткізді.

Инспекторлардың ауыр еңбегін сезіне отырып, президенттің тапсырмасына сәйкес инспектор мәртебесін көтеруді көздеп отырмыз. Осылайша, браконьерлікпен күресу үшін қазіргі заманғы құралдармен инспекцияларымызды қамтамасыз ететін жаңа нормативтер (арнайы техника, төс камералары, бронежелеттер) әзірленді. Жақында ғана Мемлекет басшысы браконьерлікке қарсы күрес ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар инспекторды алғыс хаттармен марапаттады, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы