Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Табиғат пен климатқа ортақ саясат: Қазақстан экожүйені қорғаудың жаңа моделін қалыптастырады

8 Қараша 2025, 11:40
293
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау және климат өзгерісіне қарсы шешімдерді біріктіруде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға арналған негізгі стратегиялық құжаттарды келісуге бағытталған ұлттық семинар басталды. Үш күнге созылатын шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми ортаның, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтық сектордың 150-ден астам өкілі қатысуда.

Бірнеше стратегиялық құжат бір алаңда талқыланды

Семинар 2035 жылға дейінгі Биологиялық алуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасы (NBSAP), Ұлттық бейімдеу жоспары (NAP), Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын салым (NDC), сондай-ақ транспаренттілік мәселелерін қамтитын Қазақстанның тоғызыншы ұлттық хабарламасы сияқты маңызды стратегиялық құжаттарды үйлестіруге арналған платформаға айналды.

Бұл құжаттар бір-бірін толықтырып, климаттық және табиғат қорғау шараларының жүйелі түрде жүзеге асырылуын көздейді. Негізгі мақсат – парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттық тәуекелдерге бейімделу және биоалуантүрлілікті сақтау бойынша әрекеттердің өзара қайшы келмеуін қамтамасыз ету.

Климаттық және экологиялық мақсаттар бірге қаралуы тиіс

Сарапшылар экологиялық жоспарлау кезінде бір мақсатқа бағытталған шаралар басқа табиғи жүйелерге кері әсер етуі мүмкін екенін айтты. Мысалы, көміртекті сіңіру үшін орман алқаптарын ұлғайту бағдарламалары дұрыс жоспарланбаса, далалық және шөлейт экожүйелерге зиян келуі ықтимал. Бұл флора мен фаунаның эндемиялық түрлерінің жойылуына, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі.

Сондықтан климаттық және экологиялық саясат өзара байланыста жасалуы тиіс. Жоспарлау кезеңінде климатқа да, табиғатқа да бірдей пайда әкелетін шешімдерге басымдық беру ұсынылды.

Министрлік өкілі: Кешенді тәсіл қажет

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев үш негізгі құжатты қатар әзірлеу Қазақстанға табиғатты қорғау мен климат саясатын біртұтас жүйеге келтіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Климаттың өзгеруі, жердің тозуы және биоалуантүрліліктің жойылуы бізден фрагменттік емес, үйлестірілген шешімдерді талап етеді. NBSAP, Ұлттық бейімдеу жоспары және NDC бір-бірін күшейтіп, бірге қолданылуы тиіс. Сонда ғана орнықты даму мен табиғи капиталды қорғау жүзеге асады, - дейді Мансұр Ошурбаев.

Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы да талқыланды

Семинар барысында кең ауқымды мәселелер көтерілді:

  • биоалуантүрлілік жөніндегі 7-ұлттық баяндаманы дайындау,
  • су, орман және ауыл шаруашылығындағы климатқа бейімделу,
  • төтенше жағдайлар секторындағы климат тәуекелдері,
  • 2100 жылға дейінгі ықтимал экономикалық шығындарды модельдеу.

Сонымен қатар BIOFIN бастамасы аясындағы қаржыландыру тетіктері мен табиғатты қорғау жобаларына ресурстарды жұмылдыру жолдары қаралды.

Экологиядағы ортақ саясат

БҰҰ Даму бағдарламасы үкіметке осы үш құжатты әзірлеу кезінде жан-жақты қолдау көрсетіп отыр: халықаралық тәжірибе, аналитикалық ресурстар және техникалық сараптама біріктірілген. Қазақстандағы БҰҰДБ-ның биоалуантүрлілік жобаларының үйлестірушісі Меруерт Сәрсембаева ерекше құжаттарды түсіндіріп берді.

Биыл ерекше жағдай – үш стратегиялық құжат бір уақытта әзірленіп жатыр. Бұл оларды өзара сәйкестендіріп қана қоймай, ұлттық және жаһандық тұрақты даму мақсаттарына ортақ индикаторлар мен басымдықтарды енгізуге мүмкіндік береді, – деді.

Оның айтуынша, құжаттар бөлек жасалғанда міндеттердің қайталануы немесе шаралардың сәйкес келмеуі байқалады. 

Қазір кешенді тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік бар. Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және экологиялық әрі климаттық саясаттың бірізді болуына көмектеседі, – деп атап өтті ол.

Құжаттардың үйлесімділігі министрліктер мен өңірлер арасындағы жұмысқа да оң әсер етеді, сондай-ақ халықаралық міндеттемелер бойынша ұлттық жоспарлау мен есептілікті бір жүйеге келтіруге жол ашады.

Рио конвенциялары – Биологиялық алуандық туралы конвенция (CBD), UNFCCC және UNCCD – елдердің стратегияларын өзара байланыстырып әзірлеуді талап етеді. Бұл экологиялық және климаттық шаралардың бөлініп кетпеуі және нәтижеліліктің артуы үшін маңызды.

Осы себепті семинардың негізгі міндеттері:

  • құжаттар арасындағы синергияны анықтап, индикаторлар мен шараларды келісу;
  • мемлекеттік органдар, НПО, ғылыми орта және халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту;
  • Биоалуантүрлілік жөніндегі 7-ұлттық баяндаманы дайындау процесін талқылау;
  • табиғи-климаттық шешімдерге гендерлік өлшем енгізу;
  • үш құжатты жүзеге асыруға ресурстар жұмылдыру;
  • Қазақстанның 2100 жылға дейінгі климаттық сценарийлерін модельдеу нәтижелерін қарастыру;
  • денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон және жұмыспен қамту сияқты сквозной бағыттарға назар аудару.

Синергия әдістемесі экожүйелерді сақтау шаралары бір уақытта биоалуантүрлілікке де, климатқа да пайда әкелетіндей етіп жасалған. Бұл тәсіл үш конвенция хатшылықтары тарапынан қолдау табады және Тұрақты даму мақсаттарына жетуге ықпал етеді.

Гендерлік талдау да назарға алынды

Кездесу барысында биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы гендерлік аспектілер де көтерілді. Қатысушылар алдын ала жасалған гендерлік талдауды қарап, пікір және ұсыныстар енгізді.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов әйелдердің табиғатты қорғау және ресурстарды басқарудағы рөлін атап өтіп, инклюзивті экологиялық саясаттың маңызын айтты.

Экожүйе сақталғанда экономика тұрақтанады, адамдардың өмір сүру сапасы жақсарады. Табиғат қорғауда әйелдердің рөлі жоғары. Гендерлік талдау – әділ және инклюзивті саясатқа бастайтын маңызды қадам, - деді Сухроб Ходжиматов.

Кешенді саясат – басты талап

Сарапшылардың пікірінше, биоалуантүрлілікті сақтау, климатқа бейімделу және орнықты даму бағыттары өзара байланыста жүзеге асуы тиіс. Мұндай үйлестірілген тәсіл мемлекеттік саясаттар, салалық бағдарламалар және басқару деңгейлері арасында синергияны күшейтуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы