Жеңіл атлетикадан әлемдік турнир: Отандық спортшылар екі медаль иеленді

Кеше, 03:05
402
Бөлісу:
Жеңіл атлетикадан әлемдік турнир: Отандық спортшылар екі медаль иеленді
Фото: olympic.kz/Сабиров Сали

Астанада World Athletics Indoor Tour Gold сериясының кезеңі аяқталды. Жеңіл атлетикадан әлемдік турнирде Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Бұл жетістіктің авторлары – Елизавета Матвеева мен Игорь Косолапов. Екі спортшы да биіктікке секіруде үшінші нәтиже көрсетті.

Ал Давид Ефремов (60 метрге кедергілермен жүгіру), Дэйзи Джепкемей (3000 метр) және Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру) жүлдеге бір қадам жетпей қалды.

Өз елімізде өнер көрсетуді өте жақсы көремін, себебі бізде жанкүйерлердің ерекше ықыласы бар. Мұндай жарыстарда бұл қатты сезіледі. Әрине, адамдарға әлем жұлдыздарын көру қызық. Бірақ сонымен бірге біздің спортшыларымызға жанкүйер болып жатқанын сезесің. Бұл өте жағымды. Барлық жанкүйерлерімізге алғыс айтқым келеді. Алаңда болғандарға, теледидар алдында отырғандарға да рахмет айтамын.

Жүлдегерлер қатарына енбегеніме қарамастан, нәтижеме ризамын. Себебі бұл – маусымдағы алғашқы жарыс, дайындық қиын болды. Бірақ жақсы өнер көрсеттім деп айта аламын. Әрине, бұл менің ең жақсы нәтижем емес, бірақ жарақаттан кейін жүктелген міндеттерге дайындалуға мүмкіндігім болмады. Дегенмен, 184 сантиметрге секірдім. Өзімді мақтан тұтамын (күледі).

Осылайша, қысқы турнирлерде өнер көрсетуімді аяқтаймын. Дәрігерлермен, бапкерлермен кеңесе отырып, толық емделіп, жазғы маусымға дейін денсаулығымды жақсартуға және дайындалуға шешім қабылдадық. Жүктемелерді ағзам көтере алатындай етіп қабылдауға тырысамыз, әрі бұрынғыдай жарыстарды өткізіп алмауға жұмыс жасаймыз, – деді жабық алаңдағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая.

Айта кетсек, Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes жарысында барлық фавориттер жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Мысалы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Андре Де Грасс (Канада) және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы Ниа Али (АҚШ) жүлдесіз қалды. Танымал кедергімен жүгіруші Али жарақатына байланысты іріктеу кезеңін сәтті аяқтай алмады.

Өзгелердің жаңалығы