Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертеңнен бастап күшейтілген карантин режимін бұзғандарға бірден айыппұл салынады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
28 наурыздан бастап, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантиндік режим күшейтілді. Мекемелер жұмысы тоқтатылды.Үйден шығуға шектеу қойылды. Адам көп жиналатын орындар жабылды. Көшеде үш адамнан артық жүруге, жасөспірімдер жалғыз жүруге тыйым салынды. Көлік қозғалысы шектелді.Осы үш күн бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келдік. Енді аяушылық жоқ. Айыппұл саламыз, қарсылық танытқандар 15 тәулікке қамауға алынады, - деді Ерлан Тұрғымбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол осы ретте елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері қылмыс саны 20 пайызға азайғанын айтты.
Азаматтар мен автокөліктердің қозғалысы қатаң тексеріледі. Жаяу және автокөлік патруль саны көбейтілді. Бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ұрлық, тонау фактілерін болдырмау үшін шаралар қабылданып жатыр. Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап елімізде қылмыс саны 20 пайызға азайды, - деді министр.