Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түзеу мекемесінің ішкі күзету аумағына жасырын түрде белгісіз ораманы лақтырмақ болған азамат құрықталды. Оқиға 7 маусым күні сағат 19:30 шамасында Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде орын алған.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД ЖД-158/7 мекемесі жедел бөлімінің бастығы, әділет майоры Жандар Утеулиевтің айтуынша, айласын асырмақ болып, қылмысқа әрекеттенген ол әуелі оқшау мекеме маңайын торуылдап, кейін арам ойын іске асыруға беттеген.
«Күдіктіні назарға алған мекеменің жедел және режим бөлімдері мен кезекшілік топ, 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері бірден іске кірісіп, бақылауды күшейтті. Шар тәрізді етіп жабысқақ лентамен маталған орама А.Асқаров көшесі жағынан қоршауды асыру жолымен мекеменің ішкі күзету аумағына лақтырылды. Территорияны торуылдау барысында күмәнді зат қатаң жағдайда ұсталатын жасақ яғни, бірінші аумақтан тәркіленді. Барлық әккі әрекет бейнебақылауға түскен cоң, қылмыскерлерді қолға түсіру қиынға соқпады», - дейді әділет майоры.
Күдіктінің қала тұрғыны 21 жасар Владислав Абов есімді азамат екені белгілі болған. Оқиға орнына Тараз қалалық полиция басқармасы №1 Полиция бөлімінің жедел топ құрамы, және Есірткі бизнесіне қарсы күрес қызметкерлері шақырылды.
Сот химиялық сараптама қортындысына сай, В.Абовтың заңсыз лақтырған орама ішінде есірткі заты жалпы салмағы 23,48 грамм «кептірілген марихуана» екендігі анықталған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, құқық бұзушы тергеу изоляторына қамауға алынды.