Түркиядан оралған қазақстандықтар карантинге жабылды

4 Сәуір 2020, 10:00
1911
Бөлісу:
Түркиядан оралған қазақстандықтар карантинге жабылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Түркияда болған 125 отандасымыз Ертіс өңіріне оралды. Арнайы ұшақ Павлодар халықаралық әуежайына ұшып келді.

Павлодар облыстық әкімдігі мамандарының хабарлауынша, ұшақ ішінде болғандардың басым бөлігі – Ертіс өңірінің тұрғындары. Елге оралғандар келе салысымен тиісті медициналық процедураларған өтті. Ал азаматтардың жеке заттары зарарсыздандырылды. Алдағы уақытта тиісті анализдер алынады. Ал бір аптадан кейін коронавирус анықталса, сырқаттар карантинге жабылады.

Айта кетейік, ұшақтың келуі жергілікті тұрғындар арасында түсінбестік туғызды. Павлодарлықтар наразылық көрсетіп, әлеуметтік желілерді шулатып жіберді. Олардың пікірінше, жолаушылар вирус таратуы мүмкін.

Бұл жайтқа қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайылов пікірін білдірді. Шенеуніктің пайымдауынша, алаңдауға негіз жоқ.

Олардың барлығы – біздің ел азаматтары. Нақты мәліметтерге сүйенсек, ұшақтың ішінде 105 қазақстандық болды. Арасында балалар да бар. Мәліметтер өңделіп жатыр. Елге оралғандарды сырқат деп қабылдамауымыз керек. Олардың дені сау. Бірақ қосымша тексерулерден өтеді. Әлеуметтік желілердегі негативті орынсыз деп білемін, - дейді Біржан Досмайылов.

Еске салсақ, бүгінде Павлодар облысында коронавирус жұқтырған бір азамат тіркелген. 32 жастағы ер азамат ауруды Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынынан жұқтырған.

Біржан Досмайыловтың мәліметінше, сырқат инфекциялық ауруханада арнайы бокста жатыр. Оның жағдайы жақсы, дене температурасының көтерілуі байқалмаған. Айта кетейік, сырқат азамат бұған дейін 34 туысымен байланыста болған. Олардың 29-ы Павлодар облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта олардан вирус анықталған жоқ. Дегенмен барлығы үй карантинінде.

Ресми деректерге сүйенсек, пандемия басталғалы бері 1600-ден астам павлодарлық бақылауға алынып, олардың 700-ге жуығы есептен алынды. Осы күндері 950 адам бақылауда болса, 33 тұрғын стационарлардың бақылауында екен. Ал мыңға жуық адам үй карантинінде жатыр.

Өзгелердің жаңалығы