Түркістанда жарықшам шығаратын зауыттың іргетасы қаланды

24 Қаңтар 2019, 12:12
2656
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістанда жарықшамдар шығаратын зауыттың іргетасы қаланды.

Бүгін Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жарықшамдар шығаратын зауыттың капсуласы салынды. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қытайдың «Tai-Tur Energy» ЖШС-нің директоры Чэнь Хуей және «Source Energy» компаниясының бақылаушылар кеңесінің жетекшісі Оралбек Ботбай қатысты.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің айтуынша, бұған дейін қытайлық инвесторды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қабылдап, сол кездесуде екіжақты меморандумға қол қойылған болатын. Жиында өңір басшысы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталды. Өндірісті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін жеткізді.

«Түркістан - еліміздегі тұрғындар саны көп облыстардың бірі. Мұнда кәсіпкерлікті, өндірісті дамытуға зор мүмкіндік бар. Жұмыс күші де, инвесторларға арналған қолдау да жеткілікті. Индустриалды аймақтан арнайы 5 гектар жер беріліп отыр. Зауыттың құрылысы уақтылы әрі сапалы жүргізілуі тиіс», - деді облыс әкімі.

«Tai-Tur Energy» - Қытай Халық Республикасындағы ең беделді компаниялардың бірі. Бұл компанияның диодты әрі электрүнемдегіш жарықшамдары Қытайдың ірі қалаларында қолданысқа енгізілген. Көшелер мен ірі магистральдарды және алып ғимараттарды жарықтандыру ісінде үлкен жетістікке жеткен. Жобалары да ауқымды. Аталған компания елімізде бірінші рет Түркістан облысына инвестиция салуға қол жеткізіп отыр. Инвестицияның құны - 200 млн. АҚШ доллары.

Түркістандағы индустриалды аймақта іргетасы қаланған компанияның құрылысы 3 жылда аяқталады деп күтілуде. Осы арқылы бастапқыда 700 адам жұмыспен қамтылмақ. Сұраныс пен өндіріс қуаттылығына сай жұмысшылар саны артуы мүмкін. Зауыттың өнімдері Қазақстаннан бөлек көршілес мемлекеттерге де экспортталады.

Өзгелердің жаңалығы