Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің қатысуымен ІІІ Жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел өтуде.
Дөңгелек үстелге дейінгі брифинг барысында «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Түркістанда инвесторлардың қаржысына жаңа әуежай салынатынын айтты.
«Біз транспорт және логистика саласында жаңа бастамаларға қол жеткізіп отырмыз. Атап айтатын болсақ, Маңғыстау облысында 200 млн долларға ірі логистикалық кешен, Ақтөбе облысында Ақтөбе әуежайының негізінде ірі логистикалық орталық құру бойынша ресейлік инвесторлармен бірлескен жобаны бастаймыз. Түркиялық инвесторлармен Түркістан облысында халықаралық әуежай құрылысының жобасын жоспарлап отырмыз. Бұл жоба жақында құрылысын бастағалы отыр. Біз елімізде алғаш рет жаңа әуежай салуды жоспарлаудамыз. Бүгінгі іс-шара аясында осы инвестормен қол қоюды көздеп отырмыз», - деді Сапарбек Тұяқбаев брифингте.
Оның сөзінше, бұл мақсатта инвестор ертең Түркістан қаласына барады.
"Қалған рұқсат болсын, әкімдік деңгейінде шешілетін мәселелерді сол кезде шешуді жоспарлап отырмыз. Жақын арада, осы жылы құрылысын бастау көзделіп отыр", - деді ол.