Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында мемлекеттік бюджет есебінен кредиттік 5489 пәтерлі 88 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 24 үйдің 1452 пәтер тұрғындары жақында қоныс тойын тойлайды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын бақылады. Құрылыс алаңдарындағы жұмысты көзбен көріп, әр нысанның сапалы әрі тиісті архитектуралық талапқа сай салынуы қажеттігін тапсырған. Барлық құрылыс басында коронавирусқа таралуына қарсы сақтық шаралары ұйымдастырылып, құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде.
Әкімшілік-іскерлік орталықта мемлекеттік бюджет есебінен кредиттік 5489 пәтерлі 88 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 24 үйдің 1452 пәтер тұрғындары жақын уақытта қоныс тойын тойлайды. Бұдан бөлек, жеке салымшылар тарапынан салынып жатқан 37 тұрғын үй жыл соңына дейін 31 үйін пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Түркістан қаласында жүріп жатқан жаңа құрылыстар – назарда. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да тоқтамайды. Барлық жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Әрине, әлем жұртшылығын әбігерге салған коронавирус індетінің кедергі келтірген тұстары жоқ емес. Дегенмен, мәселе шешілуде. Құрылыс заттарымен қамтамасыз ету жағы да ретке келтірілді, – деді облыс басшысы.