Түркістанда Smart city аясында 2 жоба қолға алынды

21 Ақпан 2019, 09:40
2182
Бөлісу:
Түркістанда Smart city аясында 2 жоба қолға алынды

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысындағы 902 мектептің 775-і немесе 86,1% интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ, 735 білім ордасы, яғни 81,4 % WI-FI нүктелерімен қамтамасыз етілген. 

Жыл соңына дейін шалғай ауылдардағы 127 мектепті кең жолақты интернетпен және 167 мектепті WI-FI нүктелерімен толық қамту осы жылдың жұмыс жоспарына енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев мәлімдеді.
 
2018 жылды қорытындылаған басқарма басшысы өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 5 бағыт бойынша жүзеге асып келе жатқанын айтты.
 
«Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша "SmartCity" тұжырымдамасы іске асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында 10 көпқабатты тұрғын үйге «E-SHANYRAQ» жүйесіне толықтай интеграциялау жұмыстары жасалынды. Бұл, импульсті қашықтықтан басқарылатын есептегіштер арқылы суды, жылуды және электр энергиясының көздерін берілуін бақылау. Яғни, осы арқылы шығындарды бекіту, қаржатты жұмсау мәселелерінде қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі, тұрғындар интернет арқылы есептеулер мен есеп айырысулардың дұрыстығын тексере алады, үй бойынша шығындар мен табыстарды бақылауда болады және ТКШ мәселелері бойынша онлайн түрде өтініштер қабылданады», – деді Бастар Әуелханұлы.
 
Сонымен қатар, «SmartCity» бағдарламасы негізінде биыл пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласындағы саябақтар мен көшелерге «Ақылды жарықтандыру» жобасын енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл жарық беру аймағында өздігінен автоматты түрде жарық сөндіріледі немесе азаяды, сондай-ақ автокөліктер жарықтандыру аймағын кесіп өткен кезде ғана автоматты түрде қайта қосылуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда, облыс бойынша 700 көше күн панельдері жүйесінде фотореле датчиктері бар жарық шамдары орнатылған. Облыс бойынша механикалық таймер жүйесі бойынша 1294 ақылды жарық шамдары орнатылды.
 
Одан бөлек, қаладағы тұрғын үйлерге 8 дана бейнебақылау камералары орнатылды және пилоттық жоба ретінде жол ережелерін бақылау үшін 6 бейнекамерамен қамтамасыз етілді.
 
Цифрландыру жүйесі әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында кең қолданыста. Мәселен, 2018 жылы 10,955 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 9,350 мыңы электрондық түрде, қалған 1 372 мыңы қағаз түрінде іске асырылған.
 
Өзгелердің жаңалығы