Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтті. Күн тәртібінде көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мәселесі қаралды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Басқосуда әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасады. Мәліметіне сәйкес, 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде 69,7 мың адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілген. Оның ішінде, 29,4 мың адам немесе 42,2 пайызы аз қамтамасыз етілген отбасылардың азаматтары қатарынан.
«2018 жылы облыс бойынша 34389 отбасыға (195 620 адам) жалпы сомасы 15 млрд. 674,5 млн.теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде, шартты ақшалай көмек 30702 отбасыға (179 801 адам) 14 млрд. 772,4 млн.теңге, ал шартсыз ақшалай көмек 3687 отбасыға (15 819 адам) 902,1 млн.теңге. Атаулы әлеуметтік көмекпен қатар аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі көрсетілуде. 2018 жылы аз қамтылған 4367 отбасыға (250 09 адам) 152,3 млн. теңгеге тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жалпы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы көпбалалы отбасылардың үлесі 50 пайызға жуық (16,5 мың отбасы)», - деді Е.Садыр.
Бұл жұмыстардың осы жылы да жалғасын табатынын айтқан облыс әкімінің орынбасары 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 207,5 мың адамға жоспарланып, атаулы әлеуметтік көмек бойынша қаржы қажеттілігі 13,6 млрд.теңге құрайтынын баяндады. Оның 50 пайызы көпбалалы отбасыларға арналған.