Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына арналған "Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшылдар" және Алтын Орданың 750 жылдығына арналған "Қазақ мемлекетінің бесігі" атты кітап көрмелерінің салтанатты ашылуы өтті.
Тарихи, құнды дүниелерді топтастырған айтулы көрмеге жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Алаш" Халықаралық сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт және облыстық, қалалық кітапхана мен мәдениет мекемелерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен жастар және оқушылар қатысты.
Ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған "Ұлт рухын ұлықтаған ұлы ойшылдар" және Алтын Орданың 750 жылдығына арналған "Қазақ мемлекетінің бесігі" атты кітап көрмелерінің экспозицияларына Отырар жазирасында дүниеге келіп, ортағасырлық ғұламалардан озып шыққан Әбу Насыр әл-Фарабидің орасан зор шығармашылық мұрасы, дана да дара Ұлы Абай Құнанбайұлының ұлтымызды рухани жаңа биіктерге көтерген құнды дүниелері, сондай-ақ жарты әлемді иелігіне қаратқан Алтын Орда тарихынан тұтастай мағлұмат беретін әдебиеттер ұсынылды.
Сонымен қатар, көрменің тақырыбы аясында Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы жайлы театрландырылған көріністер көрсетіліп, ұлы ақынның өлеңдері мен қарасөздері оқылып, әндері шырқалды.