Түркістанда "Аltyn kuz-2019" мерекесі тойланды

16 Қараша 2019, 09:44
2503
Бөлісу:
Түркістанда "Аltyn kuz-2019" мерекесі тойланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында "ALTYN KUZ-2019" мерекесі мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні жоғары деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шараға ауылшаруашылық еңбеккерлері мен шаруа қожалық төрағалары, депутаттар мен аудан қала əкімдері қатысты.  Жиында сөз алған облыс əкімінің орынбасары Ұлан Тəжібаев барша аграрлық сала еңбеккерлерін жылдық қорытынды мерекемен құттықтап, салада жоғары нəтиже көрсеткен аудан-қала əкімдеріне жəне еңбек озаттарына арнайы марапаттарды табыс етті.

11d0ee4b-998f-4329-9054-15f9ae24043a.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені алдына, алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылдан 13,3 мың гектарға артып, жалпы 827 мың гектар алқап игерілді. Егісті әртараптандыру жұмысы да мықтап қолға алынған. Агроқұрылымдарға көктемгі және күзгі дала жұмыстарын атқару үшін арзандатылған бағамен жанар-жағар май мен минералды тыңайтқыштар босатылды. Нәтижесінде масақты дақылдар түсімділігі 20 центнерге жеткізіліп, 462 мың тонна астық жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан қамбаға артығымен дән құйылды. Бақшадан жиналған көкөніс пен картоп 3 млн. тоннаны құрап рекордтық көрсеткішке жетті.

df9aa6ea-1c02-4801-a67f-5cacc12ac10b.jpg

Мал басы жағынан да елімізде алдыңғы қатардан орын алып, ет өнімі шетелге экспортқа шығарылуда. Алдағы уақытта түйе сүті өнімдерін экспорттау жоспарланып, жыл соңына ауыл шаруашылығы экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу күтілуде. Ауа райының қолайлы болуы арқасында шаруалардың еселі еңбегімен бір жарым жылдық мал азығы дайындалды. Су нысандарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы "Бөген арнасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Соның арқасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 5 су нысаны: "Бөген" және "Қосқорған" су қоймалары, "Түркістан", "Арыс", "Қараспан" магистралды арналары мен "Қараспан" су торабы облыстық меншікке қабылданды.

Биылғы жылғы 10 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 560,2 млрд.тг  құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен 83,3 млрд.тг артып, индексі 103,3 % жетті.  Республикада үлесі 12,4 пайызды құрап, екінші орынға қол жеткізілді. Жыл соңына дейін жалпы өнім көлемі 619 млрд.тг, индексі 104 % жеткізіледі. Салаға тартылған инвестициялар 27,9 млрд.тг құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Бұл еліміздегі ең үздік көрсеткіш.

Өзгелердің жаңалығы