Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 11 нысанның құрылысы толық аяқталды.
Жаңа нысандардың ауласы абаттандырылып, іші жиһазбен жабдықталуда. Басқармалар ғимараты, Департаменттер ғимараты, Конгресс орталығы, Стадион жақында ел игілігіне беріледі. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмысшылардың сақтық шараларын сақтауы басты назарда екенін ескертті. Сондай-ақ, құрылыс барысының бәсеңдемеуін міндеттеді.
Аймақ басшысы облыс орталығында салынып жатқан 5 мың орындық ірі мешіттің құрылысымен танысты. Мұнда екінші қабаттың монолитті каркастарын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған мешіт – көрші Өзбекстан елінің Түркістанға тартуы. Жоба құрылысын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қолдаған, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мешіт ішіне - 5 мың, оның маңына тағы 3 мың адам сыяды. Сәулет кешенінде кітапхана, конгресс-холл, ғұрыптық бөлмелер, 180 орындық медресе, асхана, спорт алаңдары, автотұрақ, субұрқақ болады.
Шымкент қаласының сыйы – ғылыми-әмбебап кітапхананың сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Темір конструкциясын монтаждау және бетондау жұмыстары әлі жалғасып жатыр.