Нұр-Сұлтан, BAQ. Түркістан облысында 14 және 15 қыркүйекте праймериз аясында 47 жария пікірсайыс өткізілді, деп хабарлайды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалының баспасөз қызметі.
Тартысты да тартымды әрі жақсы ұйымдастырылған дебаттарға аудан, қалалардан жалпы саны 233 үміткер қатысып, өзара ой жарыстырған.
Аталған дебаттар партия филиалдарының ресми акаунттарында тікелей эфирде көрсетілуде. Облысымызда ерекше ұйымдастырылған пікірсайыстың бірі – Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы 1000 орындық амифитеатрда өткізілген іс-шара.
Естеріңізге сала кетейік, жария пікірсайыс 14 қыркүйекте басталып, 30 қыркүйекте аяқталады. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филалы тарапынан дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 209 орын белгілеген болатын. Оның 128-і мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар болса, 58-і мейрамханалар мен жеке кәсіпкерлік нысандары, 23-і жеке үйлер мен спорт ғимараттары саналады.
Айта кетейік, праймериз ережесіне сәйкес Түркістан облысында 17 тамыз бен 28 тамыз аралығында кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүрді. Бұл аралықта барлық аудан, қалаларда праймеризге 1144 кандидат тіркелген болатын.
Алдағы 1-3 қазан аралығындағы үміткерлерге дауыс беріледі. Оған «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филалының 80 мыңнан астам мүшесі қатысады деп жоспарлануда. Олар 245 бастауыш партия ұйымына бекітілген.