"Бизнестің жол картасы - 2020": Түркістан облысында 67 жобаға субсидия берілді

31 Қазан 2019, 18:39
3434
Бөлісу:
"Бизнестің жол картасы - 2020": Түркістан облысында 67 жобаға субсидия берілді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздің экономикасының орнықты дамуына бірден бір себеп. Осы орайда, сала мамандары материалдық және материалдық емес ресурстарды тиімсіз пайдалану, ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі, жұмыссыздық, кедейшілік және тағы басқа көптеген проблемаларды шешу үшін шағын және орта бизнесті дамыту – тығырықтан шығудың жолы деп есептейді.

Бұдан басқа, мемлекет экономикасының қарқынды өсуіне ықпал ететін бәсекелестікті дамыту да осы шағын және орта бизнесті қолдаудан
басталатынын айтуда. Бағдарлама ауылдық жерлерде, кішігірім қалалар мен аудан орталықтарында кәсіпкерліктің қанат жайып, жергілікті тұрғындардың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Сонымен, Даму кәсіпкерлерді қолдау қорының берген мәліметіне сүйенсек, "Бизнестің жол картасы - 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың 9 ай ішінде 67 жоба қаржыландырылды. Жалпы сомасы 4,9 млрд теңге несиені құрайтын 67 жаңа жобаны субсидиялау туралы келісімшартқа қол қойылып, оның 881 млн теңге субсидиясы төленді.

Өткен жылмен салыстырғанда бағдарлама бойынша 56 жоба субсидиямен қаржыландырылған екен.

Осы ретте бір айта кетерлігі, ең көп субсидиямен қаржыландырылған Түркістан облысындағы аудандарға тоқталсақ, Сарыағаш ауданында 14 жоба, Сайрам ауданы – 8 жоба, Сарыағаш және Түркістан қалалары – 5, Төлеби ауданы – 4 жоба, Мақтаарал ауданы – 9, Ордабасы ауданы – 5, Түлкібас ауданы – 4, Кентау қаласында 3 жоба қаржыландырылды, қалған аудандарда бірден және екіден жобалар қаржыландырылған.

Бағдарламаның мақсаты – өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі жұмыс орындарын сақтау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. Осыған орай, Түркістан өңірінің кәсіпкерлеріне берілген субсидиялар да түрлі саланы  қамтиды. Атап айтқанда, қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша 9 жоба, көтерме және бөлшек сауда, автомобиль және мотоцикл жөндеу – 11, транспорт және қойма – 6, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 12, басқа да қызмет түрлері – 1, білім саласында – 3 жоба қаржыландырылды. Жыл басынан бері 9 айдың ішінде жалпы сомасы 1,047 млрд теңге несиені құрайтын 19 кепілдемеге қол қойылды. Кепілдеменің сомасы – 466,5 млн теңге. Биылғы жылдың үш тоқсанында 254 млн теңге несиеге 5 кепілдеме берілді. Кепілдеменің сомасы 119 млн теңге, - деді "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының клиенттермен жұмыс жасау бойынша бас менеджері Данагүл Зуфтарова.
Жалпы, ресми мәліметтерге сүйенсек, күнгейде 138 мың кәсіпкерлік субъектісі бар, оның 42 мыңы яғни 30 пайызын әйел кәсіпкерлер құрайды.

Айта кетейік, Түркістан облысы "Атамекен" Кәсіпкерлер палатасы аталған бағдарламаның операторы. Палата өңірде "Бизнестің Жол картасы - 2020" бағдарламасының аясында қаржылай емес қолдау бойынша 6 бағытта қызмет көрсетіп келеді. Олар: Бизнесті жүргізудің сервистік қолдауы, ақпараттық қамтамасыз етудің мемлекеттік қолдау шаралары, "Бизнес-мектеп" жобасы және "Іскерлік байланыс", "Аға сеньорлар" жобалары.

Жыл басынан бастап 15 163 жұмыссыз азаматқа және ШОБ субъектілері үшін 20 010 қызмет көрсетілді. Бүгінде 717-сі 3,2 млрд теңге сомасына қаржыландырылды және де 1 млрд теңгеге 95 жоба қаралуда. Қазіргі таңға дейін "Бизнес-мектеп" жобасы аясында 1 368 адам оқудан өтті.

Атап айтқанда, "Бизнес-Кеңесші" компоненті бойынша оффлайн режимінде - 672 адам (107%) оқудан өтті. 617 адам (229%) онлайн режимде тестілеуден өтті және сертификат алды. "Бизнес-Өсу" компоненті бойынша – 105 адам оқыды (47%). "Жобалық оқыту" компоненті бойынша – 77 адам (70%) оқыды. Іскерлік байланыстар жобасы бойынша бірінші кезеңде 47 кәсіпкер оқуды аяқтады. Бүгінде екінші кезеңге Германияда тәжірибеден өту үшін өтініштер қабылдануда.

Ал "Аға сеньорлар" бағыты бойынша кәсіпорындардың өнімділік деңгейін арттыру үшін осы жылы 4 миссия жоспарланған. Тікелей кәсіпорындарда жұмыс атқарылып, шетелдік консультанттардың 2 сараптамалық миссиясы іске асырылды. Бір ғана мысал, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, "Аға сеньорлар" жобасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған Бақыт Құрманбековті айтуға болады. Көпшілікке белгілі, Түркістан өңіріндегі Түлкібас ауданы алмасымен атағы шыққан өлке. Кәсіпкер өзінің "Кентау" ЖШС фирмасын 2013 жылы құрған. Бүгінде 190 гектардан аса жерге алма бауын егіп өсірумен айналысады. Алғашында тау бөктеріндегі жер егіншілікке жарамсыз болса да бағбандар оны екі жыл бойы мұқият тазалап, су тартқызып, тамшылатып
суару жүйесін құрастырып, содан кейін ғана алғашқы ағаштарды отырғызған.

Қазір мұнда алманың 40 түрі өсіріледі. Көшеттер Италия, Түркия және Польшадан әкелінген. Шаруа қожалығының жоспарында алма бақшасының алаңын 600 га дейін ұлғайту көзделген.

"Аға сеньорлар" жобасы аясында "Кентау" ЖШС-не шетелдік маман келген болатын. Польшалық маман Адам Поплоньски Түркістан облысына бау-бақша және алма бизнесі саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Еуропа мен Азия елдеріндегі аграрлық кешеннің жұмысын жақсартуды мақсат еткен "Poplonski Trading Company" компаниясының басшысы. Ол екі апта ішінде қарқынды жоғары тауарлы бақтар өсіруге, өсімдіктерді қорғау, өнімдерді сақтау, оның логистикалық процестермен байланысты жұмыстарының қалай жасалатынын көрсетіп беріп кетті.

Айта кеткен жөн, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының "Аға сеньорлар" компоненті экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға шетелдік сарапшыны өз кәсіпорнына шақыруға және кәсіби ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2017-2021 жылдары "Атамекен" екі бағыт бойынша оқытып келеді. Біріншісі, "Жас кәсіпкер", екіншісі "Бастау бизнес". "Бастау-Бизнес" бағдарламасы бойынша 2 673 адам оқуды аяқтады. Оның аясында 1 млрд теңгеге 340 жоба іске асырылды, 246 млн теңгеге 498 түлекке грант берілді. Сондай-ақ, "Жас кәсіпкер" бағыты бойынша 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз және нәтижесіз жұмыспен қамтылған жастарды жұмыспен қамту мақсатында 1 608 (101%) адам оқытылып, оның 410 жобасы бойынша 207 млн теңге грант берілді.

Өзгелердің жаңалығы