Түркістан облысында 200-ге жуық науқас пневмониядан емделіп шықты

25 Маусым 2020, 02:46
1383
Бөлісу:
Түркістан облысында 200-ге жуық науқас пневмониядан емделіп шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында пневмониядан 198 науқас жазылып шықса, 1 маусымнан бері облыс көлемінде 23 адам аталған дерттен көз жұмды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

Қазіргі таңда облыс тұрғындары тұмаудың белгілерімен дәрігерлік көмекке жиі жүгінуде. Медициналық тексеру нәтижесінде науқастардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталған. Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша провизорлық ауруханаларда 958 науқас пневмониядан ем қабылдап жатыр. Оның ішінде, Түркістан қалалық ауруханасында 50, Кентауда 180 адамға ем жүргізілуде.

Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік желілердегі ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауруханаларда науқастарға төсек-орын жеткілікті.

Қазіргі таңда облыс көлемінде дәрі-дәрмек қоры мен оттегі орындары жеткілікті. Індетке қажетті антибиотиктарды алдырудамыз. Сондай-ақ ауруханаларда төсек-орындар бойынша тапшылық жоқ. Қосымша орындар әзірленген. Мәселен, Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта бейімделіп, қосымша 200 орындық төсек-орын, 16 оттегі орындары дайындалды. Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасында қосымша 270 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты Түркістан және Кентау қалаларында науқастарды жоспарлы жатқызу тоқтатылған. ХҚТУ, "Акмарал", "Клиника Талғат" сынды жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетуде, - деді Марат Орынбасарұлы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков облыс орталығында екпе бөлмелерінің тапшылығына байланысты қосымша орындар даярланғанын жеткізді. Сондай-ақ қалалық ауруханада төсек-орын саны артып, науқастарға қажетті дәрі-дәрмектер қосымша алынып жатқандығын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы