Түркістан облысында 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

12 Наурыз 2020, 03:17
2445
Бөлісу:
Түркістан облысында 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында жалпы 906 мектеп бар. Оның 900-і - мемлекеттік, алтауы жекеменшік. Биыл қосымша 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланды.

туркистан он еки мектеп.jpg

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың мәліметінше, өңірде үш ауысымда білім беретін 5 мектеп бар. Өткен жылы үш ауысымда білім беретін 3 мектептің құрылысы аяқталған.

Облысымызда 4 мектептің ғимараты апатты жағдайда болатын. Былтыр 2 апатты мектептің орнына жаңа ғимараттар салынып пайдалануға тапсырылды. 2020 жылы 7 апатты мектептің орнына жаңасын салу мақсатында 3 мектептің құрылысына қаржы бөлініп отыр. Республика бойынша дәретханасы далада орнатылған 2352 мектеп бар болса, соның 60 пайызы Түркістан облысында орналасқан. 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық мектептегі ішкі дәретханалар қалпына келтіріліп, сыртқы дәретханалар санитарлық талаптарға сәйкестендірледі. Мектептерге түгел қоршаулар қойылады, - деді басқарма басшысы.

Ведомство жетекшісінің айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігі үшін аймақтағы 900 мектептің 98 пайызында бейнебақылау жүйесі бар. Жыл соңына дейін 100 пайыз қамтылмақ.

Айта кетерлігі, оқушыларды қосымша біліммен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда "Оқушылар үйі" ашылуда.

Облысымыздың 138 оқушысы халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанды. ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 140 балды республикада тек біздің облыс түлегі ғана иеленді. Сонымен қатар, 2019 жылдың қорытындысымен облысымыздың 3 педагог қызметкері республикада "Жылдың үздік педагогы" атанды. Сондай-ақ "WorldSkills-2019" республикалық чемпионатында облысымызды 17 колледж студенті жеңімпаз атанды, - деді Рахымбек Жолаев.

Өзгелердің жаңалығы