Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ай сайын республика көлемінде азаматтармен кері байланысқа түсу мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Жолда қабылдау» акциясы 26-27 тамыз аралығында өткізіліп, 29-тамыз яғни үшінші күнге жалғасты. Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері карантин талаптарын сақтай отырып, армениялық көліктерді уақытылы тіркеп үлгеру мақсатында облыс тұрғындарын қабылдады. Бұл туралы polisia.kz хабарлады.
Сенбі күні сағат 09.00-ден бастап кешкі сағат 19.00-ге дейін ұйымдастырылған акция Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдында өтті. Облыстың тәртіп сақшылары ауа райының құбылып, қолайсыздық тудырғанына қарамастан ашық аспан астында тұрғындарды қабылдауын тоқтатпады.
Акцияға келгендерге жеке-жеке кеңестер мен қойылған сұрақтарына жауаптар берілді. Бұдан басқа, телефон байланысы арқылы да, әлеуметтік желілердегі онлайн-қарым-қатынас арқылы да жедел желі жұмысы ұйымдастырылды. Акция аясында ниет білдірушілер көлік құралдарын тіркеу, әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібі, жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша қажетті кеңестерді алды.
Айта кететін жайт, облыс көлемінде 2 күн ішінде 700-ден астам азамат қабылданса, бүгінгі 1 күндік қорытындымен 150-ге жуық тұрғын полицейлердің көмегіне жүгінді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында тіркеуге сай келетін сол жақ рульді 330 армениялық көлік бар болса, оның тіркелмей қалғаны - 5.
Сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, армениялық көліктердің басқару рулі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып, қайта жабдықталып, тіркеуден өтуіне болады. Бұл шара биыл 1 қарашаға дейін жалғасады.